Словакиялық компания ұшатын көлікті саудаға шығарады

Биыл ұшатын көлік сатылымға шығарылады. Монакодағы мотошоуда жаңа машина түрі таныстырылды. Жаһан жаңалықтары Шартарап айдарында.

Қытай алғашқы жүк тасығыш ғарыш кемесін ұшырды. «Тяньчжоу-1» аппараты орбитаға 6 тоннадан астам жүк жеткізуі тиіс. Экспедиция 5 айға созылмақ. Болашақта ғарыш кемесі осы зертханаға тұрақты түрде ұшырылып, қажетті құрылғыларды жеткізіп отыру жоспарда бар. Енді Қытай билігі 2022 жылға дейін өзінің ғарыш станциясын іске қосуға ниетті.   

Ал Германия тарихта алғаш рет орбитаға ғарышкер әйелді аттандырмақ. Ел үшін аса маңызды миссияға қатысуға барлығы 400 нәзік жанды үміттенген. Қазір таңдау екі кандидатқа түсіп отыр. Никола Бауманн мен Инза Тиле-Айх 2 жылға созылатын арнайы дайындыққа кіріседі. Соңында біреуі ғана ғарышқа ұшу құрметіне ие болып, екіншісі дублер міндетін атқарады. Сөйтіп, елдің алғашқы ғарышкер әйелі Халықаралық ғарыш станциясына 2020 жылы аттанады.

Словакиялық AeroMobil компанияcы жұртшылыққа ұшатын автокөлікті таныстырды. Бұл техника жолда да жүреді, әуеде де қалықтайды. AeroMobil 3 минут ішінде ұшаққа айналып үлгереді. Қанатты көлік ағымдағы жылы сатылымға шығарылмақ. Бағасы 1,5 миллион еуро шамасында болады. Ал оны жүргізу үшін ұшқыш куәлігі болуы шарт. Темір тұлпарды құрастыру жұмыстары 1989 жылы басталған екен.

khabar.kz