Астана процесі – Сирия соғысын тоқтатуға бағытталған тағы бір әрекет

Астана процесі 6 жылға созылған жанжалды тоқтатуға бағытталған кезекті бастама. Осыған дейін Женева, Лозанна, Вена мен Мәскеуде өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже берген жоқ.

Дегенмен, халықаралық қауымдастық Сириядағы соғыстың аяқталуынан үміт үзбей, қолдағы бар мүмкіндікті қолдануға ниетті. Осы қанды қырғынды доғаруға әлем елдері қандай әрекет жасағанын еске алып көрейік.

Сирияда басталған көтерілістер соңы қантөгіске ұласқаннан кейін, халықаралық қауымдастық осы жанжалды тоқтатуға тырысып бағуда. 2012 жылдың 23 ақпан күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Сирия бойынша арнайы өкілі етіп Коффи Аннанды тағайындаған. Сол кезде Сириядағы қақтығыстар азамат соғысына ұласып, 8 мыңнан астам адам қаза тапты. 

Кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымын басқарған тәжірибелі дипломат 6 шарттан тұратын бейбіт жоспардың өз нұсқасын ұсынды. Онда Сирия үкіметі мен оппозиция қалалардан ауыр қару-жарағын шығарып, әскери қимылдарын доғаруы тиіс делінген. Алайда бітім жарияланғанына қарамастан, жауласқан екі тарап үнемі бұзумен келеді. 

Мамыр айының аяғында қарулы адамдар Хула елді мекенінде бейбіт тұрғындарды жаппай қырғаннан кейін елдегі жағдай ушығып, үкіметтік әскер мен оппозиция арасында қақтығыстар қайта басталып кетті. 

30 маусымда алғашқы халықаралық конференция өтті. «Женева-1» деп аталатын басқосуда Коффи Аннан Сирия бойынша мәселе көтерді. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі және Түркия, Ирак, Кувейт, Катар мен Еуроодақ өкілдері мен ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысқан. 

Алайда аймақта ықпалы күшті және сириялық шиеленіске тікелей қатысы бар Иран мен Сауд Арабиясы және Сирияға көршілес Ливан мен Иордания өкілдері осы басқосуға шақырылған жоқ. 

Кездесу нәтижесінде шиеленісті реттейтін негізгі шарттар белгіленген Женева коммюникесі қабылданды. 

Конференция жұмысына қатыспаған қос тарап та осы шарттарды орындауға ниетін білдірмегеннен кейін Коффи Аннан өз еркімен қызметінен кетті. Оның орнына алжирлік дипломат Лахдар Брахими тағайындалды. 

Осы кезде Сирияда химиялық қару қолданғаны белгілі болып, елге шетелдік басқыншылық қаупі төнген. Ресейдің дипломатиялық қимылы арқасында Башар Асад жойқын қарудан өз еркімен құтылуға келісіп, басқыншылық қатері сейілді.

2013 жылдың мамыр айында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри жаңа конференция өткізуді ұсынған. 

«Женева-2» деп аталған басқосу 2014 жылдың 22 мен 31 қаңтар аралығында өтті. 

Алғаш рет конференцияға Сирияда жауласқан қос тараптың өкілдері қатысқан. Бұл кездесу де еш нәтиже бермеді. Тіпті алғашында сириялықтар бір-бірімен бетпе-бет кездесуден бас тартып, бөлек бөлмелерде отырған олардың арасында Лахдар Брахими жүрген. 

Ахмед әл-Жабра, Сирия Ұлттық коалициясының басшысы 

Асад билікте кез келген түрде қалады деген әңгіме Женева бірде салынған жолдан ауытқу болып табылады. Осы мәселе түбірімен шешілмейінше, ештеңені талқыламаймыз деп уәде береміз. 

Соғыс өрті өршіп, жаңа құрылған Ирак пен Леванттағы лаңкестік топ біраз жерді басып алған. Осы ұйыммен күресу үшін халықаралық коалиция құрылды.

2014 жылдың шілде айында Коффи Аннанды Стаффан де Мистура ауыстырды. 

2015 жылдың қаңтар айында Мәскеуде 28 оппозициялық топтың өкілі қатысқан кеңес өткен. Бүкіл әлемді мазалаған шиеленісті реттеуге Қазақстан да өз үлесін қосты. 

Астанада сириялық оппозиция топтарының екі кездесуі өткен болатын. 2015 жылдың мамыр айында өткен алғашқы кездесуде астаналық декларация қабылданған.  

Бұл құжат лаңкестіктің барлық түрлерін айыптап, бүкіл шетел жасақтарын елден шығаруға шақырған. Келіссөздердің екінші кезеңі қазан айында өтті. Оған қатысқан сириялық оппозиционерлер бұл кездесуді ұйымдастырған Қазақстанға алғысын білдіріп, бейбіт мемлекет Сириядағы жанжалды реттеуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.  

Ерлан Ідірісов, Қазақстанның Сыртқы істер министрі 

-Қазақстандық тараптың басты мүддесі біз осы елге тыныштық әкелуді қалаймыз. Елбасы да осыны көздейді. 

Осы кезде Сириядағы жағдай мүлдем асқынып кетті. Миллиондаған адам елден қашып, мыңдаған адам лаңкестердің қолынан қаза тапқан. 2015 жылдың күзінде Ресей Сирияда әскери қимылын бастады. 

Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп, оған 19 мемлекеттің делегациясы қатысты. 

Келіссөздер нәтижесінде қабылданған құжатта Сирия біртұтас егемен мемлекет болып қалатыны және діні мен ұлтына қарамастан бүкіл сириялықтардың құқықтары сақталу керектігі айтылған. Алайда Башар Асадтың болашағы жөнінде ымыраға келген жоқ 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі

-Егер билікті, әсіресе нақты бір тұлғаға  ауыстыруға басты мән берілсе, оның немен аяқталатынын жақсы білеміз. Өкінішке орай, Ирак пен Ливияда бұл немен тынғанын көріп отырмыз.

Алайда бұл форум да мәселенің шешімін тапқан жоқ. Лаңкестер Сирия аумағынан шығып, Ирактың едәуір жерін басып алды. 

Бейбіт келіссөздер өтіп жатқанда содырлар Брюссельде террорлық шабуыл жасаған. 

Ал 2016 жылдың 13 сәуірінде Женевада сириялық келіссөздердің тағы бір кезеңі басталды. Тараптар қайтадан Башар Асадтың болашағы жөнінде тіл табысқан жоқ. Дегенмен, оппозицияға жасаған қадамы ретінде ресми Дамаск ұлттық бірлік үкіметін құруға дайындығын білдірді. 

Сергей Лавров,  РФ Сыртқы істер министрі 

-Қазақстан Сирия дағдарысының шешімін табуына атсалысып келеді. Келіссөзге қатысатын қай тарап үшін болмасын Астана талқылау өткізетін ең оңтайлы алаң. Бұл кездесудің басты жетістігі оппозиция мен биліктің бір жерде пікір алмасуы. Осыған дейін ондай болған емес. 

Астанадағы кездесудің басты ерекшелігінің бірі Сирия жерінде шайқасып жүрген оппозиция топтары өкілдерінің келіссөзге қатысуы болып тұр. 

Авторлары: Әсем Хасенқызы, Бекболат Тұрмаханов

khabar.kz