Ертең Астанаға Қызылорда облысының керуені келеді

Елордада әр сенбі-жексенбі күндері аймақтар күндері өтетін болады. Ертең алғашқы болып Астана төріне Қызылорда облысының керуені келеді.

Сыр өңіріндегі сүбелі жобалар шыны зауыты, тұрғын үй құрылыс комбинаты, керамикалық кірпіш зауыты отандық құрылыс материалдары өндірісін жаңа белеске шығарғандай. Бұл тізімді Қаратау бөктерінен ашылған айына 60 тонна әк шығаруға қауқарлы кәсіпорын толықтырып отыр.

Қайрат Ералиев, зауыт жұмысшысы 

-Пеш жағамын осында. Градусы 1200, мың жарымға дейін апарамыз. Әк қалыпты шығып жатыр. 15 күн істеп, 15 күн демаламыз вахталық. Реніш жоқ, әйтеуір 30-40 бала жұмыс істейміз. Бәрінің жағдайы жақсы.  

Өңірдегі өнеркәсіптің өрге басуын индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдықтағы екпінінен аңғаруға болады. Бұл ретте аймақта құны 387 миллиард теңге болатын 50 жоба қолға алынды. 

Межелі жоспар аясында ашылған кәсіпорындардың бірі экологиялық таза метан өндіре бастады. Үдемелі даму көшінен құрылысшылар да қалыс қалған жоқ. Биыл аймақта құрылыс көлемі 3 есеге, ал облыс орталығында 8 есеге артты. 

Мұрат Тілеумбетов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы

- Көзге көрініп жатқан үлкен жұмыстардың бірі ол – тұрғын үй жұмыстары. Былтыр мысалы, 53 үй тапсырылып жатса, биыл 80 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы да облыс бойынша 10 амбулатория салынады. Оны да осы жылдың аяғына дейін бітіруіміз керек. 

Қызылорда облысында 2020 жылға дейін жоспарланған «Балапан» бағдарламасы толық орындалды. Үш ауысымдағы мектеп мәселесі де өткен жылы түбегейлі шешілді. Бірер жылда аймақта апатты мектептер де қалмайды.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі

-2013 жылдың басында Қызылорда облысында 36 апатты мектеп болған. 2014-15 жылдары біз 25 мектепті жаңадан салдық. Енді 11 мектеп қалған. Сол 11 мектепті жекеменшік әріптестік арқылы шешеміз ба деп едік, бірақ қазіргі дағдарыстың жағдайына байланысты тиімсіз болғаннан кейін, облыстық бюджеттен қаржы бөліп, биыл 5 мектепті, қалған 6 мектепті 2017 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін салып шығамыз деп отырмыз. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші

-Күрішшілер елінде биыл 168 мың 500 гектар жерге егін егілді. Оның 79 мың 600 гектары ақ күріштің үлесінде. Диқан қауым Сыр маржанының әр гектарынан 55 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Осылайша Ыбырай атамыздың ізбасарлары тағы да рекродты межеден үмітті. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтманбетов

khabar.kz