2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында инфляция 5,4 пайыз болды

Жалпы бір ғана облыс емес, тұтастай ел экономикасында оң динамика бар. Биылғы қаңтар-тамыз айларында еліміздегі инфляция деңгейі 5,4 пайызға дейін төмендеді.  

Бұл мәліметті Ұлттық экономика министрлігі жариялады. 8 айда қандай өнімдердің бағасы шарықтап, қай қызмет түрлері арзандады?  5,4 пайыз деген деңгей болжанған көрсеткіштен қаншалықты төмен?

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші

-Араны ашылған аждаһадай инфляция халықтың үрейін алатыны рас. Себебі бағаның өсуі жұртшылықтың қалтасын қағады. Алайда инфляция болжанған көрсеткіштен әлдеқайда төмен. 

8 айдағы инфляция 5,4 пайызбен шектелді. Ал Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев  жылдық инфляция  8 пайызға жетуі мүмкін деп болжаған еді. Жалпы, жыл басынан бері азық-түлік бағасы 5,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 6,1, ал ақылы қызмет түрлері  – 4,9 пайызға қымбаттаған. 

Азық-түлік тауарларының ішінде қант, шай, кондитерлік өнімдер мен сусындардың құны ерекше көтерілді. Бәрі қымбаттады деп айтуға болмас, мәселен, көкөніс, жұмыртқа, сүт бағасы арзандаған. 

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде дизель отыны 15,9 %, фармацевтикалық өнімдер 13,9 пайызға  дейін қымбаттаған.

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, 2016 жылдың 1 жартысында ІЖӨ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға артқан. Бұл тым аз болып көрінуі мүмкін. Алайда, ТМД статистикалық комитетінің деректері бойынша, Әзербайжан, Беларусь және Қырғызстанда осы уақыт аралығында жалпы ішкі өнім 2,5-3 пайызға дейін төмендеген.  

Сарапшылар: «Өсімді арттыру үшін отандық өндіріске қолдау көрсетуді жалғастыру қажет», – деп есептейді. Өндіріс Үкіметтің ғана емес, сіз бен біздің де қолауымызға зәру. 

Жангелді Шымшықов, экономист

-ІЖӨ  ұлғайту деген – экономикалық өсуді қамтамасыз ету деген сөз. Егер де біз өз отандастарымыз өндірген тауарды сатып алатын болса, өз экононмикамызды қолдаймыз. Сол арқылы оның көтерілуіне жол ашамыз. Оның үсіне біз өзіміздің ұлттық валютамызды қолдауымыз қажет.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші

-Валюта демекші, қыркүйек айының орта шенінде АҚШ Федералды қор жүйесінің отырысы өтеді. Онда мөлшерлеменің өзгеретін, өзгермейтіндігі белгілі болмақ. Федералды қор жүйесі ставкасының өсуі доллар бағамына ықпал етуі ықтимал. Ал шетел валютасының құбылуы тікелей теңгеге әсер ететіндігі белгілі. Дегенмен сарапшылар мөлшерлеме тек желтоқсанда өзгеруі мүмкін деп есептейді. Ал соңғы күндері бағам бірқалыпты. Қазақстан қор биржасының күндізгі сессиясында 1 доллар 341 теңге 96 тиын болды. Экономисттердің болжамына сүйенсек, бағам 330-350 деңгейінде жыл аяғына дейін  сақталады.  

khabar.kz