Қарағандылық спортшылар 28-ші Қысқы дүниежүзілік Универсиадаға қарқынды дайындалып жатыр

Байрақты бәсекеге кенді аймақтан барлығы 8 адам қатысады. Людмила Ахатова биатлоннан бақ сынайды. 

19 жасар спортшы қыздан жанкүйерлері көп үміт күтеді. Оның жарыс алдындағы соңғы жаттығуын аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы да көріп қайтты.

Людмила спорттың биатлон түрімен жастайынан айналысады. Осы күнге дейін тынымсыз еңбегінің арқасында талай додаларда топ жарған. 

Петропавл қаласында өткен ел біріншілігі мен 7-ші Қысқы спартакиадада бас жүлдені қанжығалады. Енді алда жауапты жарыс. Сондықтан қазір ол күніге екі мәрте жаттығып жүр. Бапкерлерінің талабы биік.  

Людмила Ахатова, биатлоншы

-Универсиада әзірге менің өміріндегі ең жауапты жарыс. Биатлоншылар үшін бұл Олимпиада ойындарынан кейінгі ең байрақты бәсеке. Сондықтан жауапкершілік үлкен. Тынымсыз еңбектену керек. Санаулы ғана күндер қалды. 

Биатлон – асқан төзімділікті талап ететін спорт түрі. Мергендігің де осы кезде сыналады. 

«Оның үстіне Алматыдағы шаңғы жолы өте күрделі, кезеңдері көп», – дейді Людмила. Бірақ бапкерлері жас спортшыдан тек жеңіс күтеді.

Виктор Соловьев, жаттықтырушы

-Былтырғы желтоқсан айында Алматыда іріктеу жарысы өткен болатын. Біз, әрине, үміттендік. Бірақ сондай нәтижеге қол жеткіземіз деп ойламадық. Ол жолы Людмила барын салып, үздік өнер көрсетті. Универсиадаға жолдама алды. Енді бұл жарыста да топ жарады деген сеніміміз бар. 

Людмила жақын күндері әріптестерімен бірге Алматыға жол тартады. Ал жалпы бұл дүбірлі додаға Қарағанды облысы 8 тұлпарын баптап, қосып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

khabar.kz