Ауылдағы кәсіпкерлікке қолдау бар

Ауылдық жерде кәсіп бастаудың өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, шалғайдағы саз кесектен немесе сабаннан тұрғызған үйді екінші деңгейлі банктер кепілге алмайды. 

Қолынан іс келетін, бірақ қалтасы жұқа азаматтар жеңіл пайызды несиеден осылай қағылатын еді. 

Аймақтарда өңірлік инвестициялық орталықтар құрылғалы ауылдықтардың бизнесте белсенуіне жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бастама Сыр өңірінде де тиімді жүзеге асырылуда.

Серікбай Нағашыбай Сыр өңіріндегі ең жас кәсіпкерлердің қатарына қосылды. Тартоғай ауылының 21 жастағы тұрғыны өткен жылы жеңіл пайызды несиеге қол жеткізіп, көптен жоспарлаған ісін қолға алды. Қазір ол ашқан наубайханада айына 3 тонна нан өнімдері дайындалады.

Нағашыбай Серікбай, кәсіпкер

-Негізі өзім анамның қасында кішкентайымнан көмектесіп жүргенмін. Сосын мектеп бітіргеннен кейін ойланып, осы кәсіпті ашайық деп бел будық. Мұны ашу үшін өзіміз жер алып, сала бастадық. Сосын Кәсіпкерлік палатасынан ақша алып, әрі қарай заттарын алып, соны аштық.  

Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Дана Нұрмышева да осыдан 3 жыл бұрын өзінің жеке үйін балабақшаға айналдырған. Алайда бейімделген ғимаратта бүлдіршіндерге барлық жағдай жасау мүмкін болмады. Ал оны кеңейту үшін қаражаттың жоқтығы қолбайлау еді.

Дана Нұрмышева, кәсіпкер

-Екінші деңгейлі банктер ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке алмағандықтан несие берілмеді. Тек осы өңірлік инвестициялық орталық арқылы қажетті қаражатқа қолым жетіп, жеке балабақшамызды кеңейтуге мүмкіндік туды. Балаларды таңертең және кешке тасымалдайтын шағын автобус та алдық. 

Сыр өңірінде ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Микробизнес Қызылорда» жобасының басталғанына 2 жыл болды. Содан бері 180 жоба қаржыландырылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылған.

Ғалымбек Жақсылықов, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры 

-Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының аудандарда барлық филиалдары бар. Бұл жобалардың барлығын сүйемелдейтін осы аудандық филиалдар. Сол жерде осы ауылдық жерде кәсіпкерлердің бәрі өз жобаларын бастамаларын айтады. Сол жерде тегін бизнес план жасалады. Әрі қарай біздің Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының жанында бақылаушы кеңесте жоба бастамашысымен бірге осы филиалдық директоры келіп жобаны бірге қорғайды. 

Шағын кәсіпкерлікті ширата бастаған ауылдықтар несиені уақытылы қайтара бастаған. Мәселен, өткен жылғы құны 771 миллион теңгені құраған 124 жобаның 14-і осы қайтарым қаржының есебінен қаржыландырылып отыр. Ауылдағы кәсіпкерлікке кең өріс ашқан айтулы жоба биыл да жалғасын таппақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

khabar.kz