Алматылық балықшыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Сарқан ауданына қарасты Лепсі және Мұқан Төлебаев ауылдарына барып, балықшыларға қауіпсіздік шараларын түсіндірді. 

Себебі Балқаштың жағасында орналасқан аталған елді мекен тұрғындарының 70-80 пайызы нәпақасын сол көлден айырып отыр. Қыстың көзі қырауда Лепсіден балық аулап жүрген әуесқой балықшылар да аз емес екен.

Ардақ Айбарұлы, тілші 

-Міне, біз бүгін Талдықорған қаласынан 200 шақырым жердегі Лепсі өзенінің жағасына келіп тұрмыз. Бүгін жұмыс күні болғанымен мұнда балықшылар өте көп екен. Балықтың қызығына бір түскен адамның балық аулап, құмардан шықпайынша үйіне қайтпайтыны белгілі жағдай. Міне, біздің қармағымызға да бір балық түскен сияқты. Лепсінің ақ марқасы мынандай болады екен. 

Лепсі мен Мұқан Төлебаев ауылының ортасындағы бұл жер Тасты деп аталады. Тастан құлап, сарқырап ағатындықтан суы қыстың күні де қатпайды. Балқаштан көтерілген балықтар ең алдымен осындай шұңқырларға шоғырланатындықтан әуесқой балықшылар мұнда жан жақтан ағылып келіп жатады. 

Бір адамға заң бойынша қармақпен 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат етілген. Алайда демалысын өзен жағасында өткізіп, таза ауада тынығып, ми сергітіп қайтқысы келетіндердің көбі қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді. Ішімдікті шамадан тыс пайдаланудың кесірінен мұзға құлап, суға кетіп жатқандар да аз емес. 

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері ұйымдастырған бүгінгі шараның мақсаты – сондай келеңсіздіктердің алдын алу. 

Сырым Дайырбаев, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы

-Ең бастысы мұзға түсіп кеткен жағдайда екі қолды екі жаққа жаю керек. Мұздан төмен түсіп кетпеу керек. Мұздың астына кетіп қалмау шараларын істеу керек. Жағада адамдар болса, көмекке шақыру қажет. Болмаған жағдайда сол келген жағыңа қарай ақырындап аяқпен итеріп шыққан дұрыс. Мұздың үстіне шыққан бетте тұрып кетпеу керек. 

Мұз үстіне шықпастан бұрын мұздың қалыңдығын бір тексеріп алған жөн. Оны көз мөлшерімен анықтауға да болады. Түсі көгілдір болса, мұз мықты деген сөз. Ақшыл немесе сарғыш болса, мұз сенімсіз. 

Ал автокөлікпен мұз үстіне шығу үшін оның қалыңдығы 30 саниметрден кем болмауы керек екенін әккі балықшылар өте жақсы біледі. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екенін есте тұтқан абзал. 

Марат Дәуежанов, әуесқой балықшы

-Біздің тәжірибеміз бар. 5-6, тіпті 10 жылдан балық ұстап жүргендеріміз бар арамызда. Ескерту жасап жүргендеріңізге алғыс айтамыз. Енді су жағасында ішімдік ішкендер көбіне суға кетеді. Ішімдік ішпей, балық ұстаймын деп келгендер суға ешқашан кетпейді. 

Мұнда Балқаштың қызыл қанатты алабұғасы мен бекіре тұқымдастарға жататын пілмай балығын аулауға қатаң тыйым салынған. Қызыл кітапқа енген бұл балық түрлері қармақ пен ауға түсе қалған жағдайда балықшылар «бәлесінен аулақ» деп оны суға жібере салатын болған. Себебі аталған балық түрінің әр келісі үшін 90 мың теңгеден айыппұл төлеп, істі болғылары келмейді. 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізген бүгінгі шара барысында қауіпсіздік ережелерімен қатар осы мәселеге де айрықша көңіл бөлініп, жан жақты түсіндірілді. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

khabar.kz