Петропавлда су құбырлары аязда жарылып жатыр

Қаңтардың қақаған аязында Петропавлда өткен түні су құбыры жарылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Салдарынан бес бірдей көпқабатты тұрғын үй тіршілік нәрінсіз қалды. Онда шашамен мың жарым адам тұрады. 

Жалпы бұл өңірде мұндай оқиғалар неге жиілеп кетті? Жағдай қашан дұрысталады? Ол туралы аймақтағы әріптесіміз Самат Қайырденұлы білуге тырысты.

Апат айтып келмейтіні рас. Кеше кешкісін кенеттен атқылаған су қысымының қатты болғаны сонша, тіпті асфальтты жарып шыққан. Бір сағаттың ішінде бірнеше көшеге жайылып үлгерді. Салдарынан шаһарда көлік қозғалысы қиындап кетті. Бұл төтенше жағдайды ауыздықтауға бес бригада арнайы жұмылдырылды.

Сергей Визеров, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнының бас инженері

-Диаметрі 800 миллиметрлік полиэтилен құбыры жарылып кетті. Ол 40 жылдан астам уақытқа есептелген. Бірақ сегіз жылдан соң сыр берді.

69 жастағы Мария Бородинаның отбасы тағы тіршілік нәрінсіз отыр. Жинап қойған су қоры таусылуға шақ қалған. Қария әсіресе ыдыс-аяқ жуу қиынға соғатынын айтуда.  

Мария Бородина, Петропавл қаласының тұрғыны

-Жаңа жылдан соң екі күн сусыз отырдық. Кеше кешкісін тағы сөндіріп тастады. Су тұрғындарға арнайы көлікпен жеткізіліп жатыр. Бірақ оны алып үлгермейміз. Жағдайымыз қиындап барады.

Құбыр жарылғаннан кейін Петропавлда бес бірдей көпқабатты үй судан ажыратылған еді. Мамандар: «Жағдайды кешке дейін қалпына келтіреміз», – деп уәде етті. Бұдан соң, шығын көлемі есептелетін болады.

Самат Қайырденұлы, тілші

-Нақ осы көшедегі құбыр қаңтардың бірі күні жарылған болатын. Неге екені белгісіз араға он күн салып жағдай тағы да қайталанды. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Дейтұрғанмен себеп-салдарын дөп басып айту мүмкін болмай тұр. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

khabar.kz