Қазақстан-АҚШ қатынасы инновациялық бағытта дамиды

Жүргізуші: 

-Тура он күннен кейін АҚШ Президенті Дональд Трамп қызметіне ресми түрде кіріседі. Қазірдің өзінде ол Ақ үйде ауыс-түйіс жасап, әлем елдерімен қарым-қатынасын ретке келтіре бастаған сыңайлы. Жалпы жаңа Президенттің келуі АҚШ-тың Қазақстанға деген саяси-экономикалық көзқарасын қалай өзгертуі мүмкін. Сарапшылар не дейді?

Зайнұр Байжігіт, тілші

-АҚШ – әлемдегі ең ықпалды мемлекет. Сондықтан бүгін әлемді толғандыратын басты сұрақ – Дональд Трамп сыртқы саясатта қандай ұстанымды негізге алатындығы. Себебі оның келесі қадамы әлем экономикасына әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Ақ үйдегі ауыс-түйістерге назар аударсақ.

Мемлекеттік хатшылыққа мұнай гиганты ExxonMobil басшысы Рекс Тиллерсон келді. Ал Президенттің бас кеңесшісі етіп бизнесте табысты, өзінің күйеу баласын тағайындады. Енді Джаред Кушнер сыртқы сауда мәселелеріне жауапты болады. 

Бұдан бөлек, «Алибаба Груп» компаниясының негізін қалаушы, миллиардер Джек Мамен кездесіп, Құрама Штаттарында шағын бизнесті дамытудың жайын талқылады. Мұның барлығы нені аңғартады? Бұл Дональд Трамп экономикаға басымдық береді деген сөз. 

Осы тұста АҚШ-тың Қазақстанмен ендігі экономикалық байланысы қандай болмақ? Сарапшы пікірін тыңдасақ. 

Әлкей Марғұланұлы, сарапшы

-Қазақстан Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шегінде индустриалды дамудың үлкен көрсеткіштерін орындады. Бірақ бізге адам капиталын сапалы тұрғыдан өсіретін инновациялық салаларды дамытудың мүмкіндігі туып отыр. Сол себептен алдағы уақытта Қазақстан-Америка қарым-қатынастарында инновациялық сектордың дамуы ерекше қолға алынады деп ойлаймын. Стратегиялық әріптестік жөніндегі екіжақты комиссияның жұмысында да ақпараттық технологияларды дамыту, биотехнология, медициналық кластерлерге өте қатты көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар Дональд Трамп Ресеймен жақын араласуға мүдделі екендігін байқатып қойды. Демек, санкциялар алынып, іргелес жатқан елдің белгілі бір экономикалық секторына ықпал еткен жағдай Қазақстанға да әсер етпей қоймайды.

Ал 10 күннен кейін Дональд Трампқа билікті тапсыратын Барак Обама «Ресей мен Қытайды керісінше АҚШ-тың басты жауы» санайды. Десе де, биліктегі соңғы сөзін айтқан саясаткер әлемде АҚШ-қа тең келіп, қарсылас бола алатын ел жоқ екенін мәлімдеді.

Барак Обама, АҚШ Президенті

-Егер біз бұған дейінгі ұстанымдарымыздан бас тартпасақ, Ресей мен Қытай сияқты қарсыластарымыз дәл АҚШ-тай әлемге ықпалын жүргізе алмайды.

Ақ үйдегі 8 жылдық президенттік қызметін қорытындылаған Барак Обама қазір АҚШ демократиясына төніп тұрған қауіптің бірі нәсілшілдік пен экономикалық теңсіздік екенін жеткізді. 

Обама сөзінің соңына қарай америкалықтармен жылап қоштасты. Жұртшылыққа арнаған сөзін тыңдауға 20 мың адам жиналған. Бастапқыда тегін таратылған билеттер кейін ғаламторда мың доллардан саудаланыпты.  

Ал Дүниежүзілік банк біздің ел экономикасына қатысты оң болжам жасап отыр. Мәліметтері бойынша, биыл Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 2,2 пайызға дейін өседі. Бұл банктің маусымда жасаған болжамынан 0,3 пайызға көп. 

Ал 2019 жылы экономикалық өсім екі есе артуы мүмкін. Банк сарапшылары: «Қазақстан қаржылық дағдарысқа алдын ала қам жасап, қазіргі экономикалық ахуалға бейімделе білді», – деген баға беріп отыр. 

Жүргізуші: 

-Біз Еуразиялық экономикалық Одақ ішінде Ресеймен тығыз қатынасымыз. Осы ретте іргелес жатқан елдің экономикалық өсімі қалай болмақ?

Зайнұр Байжігіт, тілші

-Ресей көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Дүниежүзілік банктың топшылауынша, 2019 жылы солтүстіктегі көршіміздің экономикалық өсімі бізден екі есе аз болады. 

khabar.kz