Біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысын бастады

Жаңа жыл Қазақстан үшін жақсылықты істермен басталды. Әсіресе сыртқы саясат саласында. Біздің ел Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жұмысын бастады. 

Сол жерде біздің Президентіміздің саяси Жолдауы оқылды. Онда әлемді жақсы жаққа қарай өзгерту жолдары көрсетілген. Біз бүгін сараптамалық орталықта осы саяси Жолдаудағы негізгі басымдықтарды талдамақпыз. Сөз әріптесіміз Әбдез Рахманұлында.

Әбдез Рахманұлы, тілші 

-Оныншы қаңтар күні өткен Қауіпсіздік Кеңесінің министрлер деңгейіндегі  бірінші отырысында Бас хатшы Антониу Гутерриштен соң бірінші болып біздің Елбасының саяси Жолдауы оқылды. Қазақстан қауіпсіз, әділ, өркендеген дүние құру жөніндегі тұжырымдамалық көзқарасын ұсынды. Онда әлемді жаңғыртудың 7 жолын көрсетіп отыр. Алғашқысы әлемде бірінші рет өз еркімен ядролық қарудан арылған ел ретінде сол қарудан азат әлем құруға шақырады. Өзі серке ретінде жол көрсетті. Енді өзгелерге еріңдер деп отыр. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдық мерейтойын ядролық қарусыз әлем ретінде қарсы алу жоспарын жасады. Қолдайтындар қатары көбейіп жатыр.  Сосын Қазақстан Орта Азия елдері арасында Қауіпсіздік Кеңесіне мүше бірінші ел ретінде аймақтағы жағдайға басым назар аудармақ. Мұны төрағалық еткен кезде жүзеге асырады.   

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары

-Негізгі ой Орталық Азиядағы жағдай, Ауғанстандағы жағдайға байланысты ашық пікірталастар өткізу және олардың нәтижесінде белгілі бір БҰҰ ҚК құжатын шығару болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейтойлық сессиясында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық антитеррорлық коалиция құруды ұсынған болатын. 

Бүгінгі күн сол мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Араб елдерін есіңізге түсіріңіз. Сол идея негізінде әлемді «Астана әрекет» деп аталатын Кодекс жасауға шақырамыз.

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары

-Бұл орайда Елбасымыздың халықаралық дағдарыстарды реттеу кезінде мемлекеттілікті қиратуға бағытталған іс-шаралардан тартыну және халықаралық құқық нормаларын қайта растау бастамаларын да еске түсіргіміз келеді.

Біріншіден, Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғанымыз әлемнің бізге деген үлкен сенімі. Ал жоғарыдағы басымдықтар біздің халықаралық беделімізді өсіре түсетіні басы ашық мәселе. 

Беделі биік елмен барлықтарының қарым-қатынас орнатқысы келетіні бар.  

khabar.kz