Орал қаласында үйсіз қалған 4 отбасына жаңа баспана тұрғызылды

Жеңіс көшесіндегі көне ғимарат электр сымдарының қысқа тұйықталуынан 4 ай бұрын өртеніп кеткен. Қызыл жалын санаулы сағатта аумағы 200 шаршы метр үйді үйіндіге айналдырды. 

Күздігүні көшеде қалған 25 жанның тағдырына іскерлер бей-жай қарамады. Шаһар басшылығының ұйытқы болуымен кәсіпкерлердің бірі құрылыс материалдарын әкелсе, бірі техника, енді бірі жұмыс күшін бөліпті. Нәтижесінде Жаңа жыл алдында жаңа үйдің төбесі жабылды. Енді тұрғындар өз күшімен ішкі әрлеу жұмыстарын жасауда.

Қуанышбек Қадемов, Орал қаласының тұрғыны

-Біреуі жылу оқшаулағышын, біреуі терезесін, енді біреуі әйнегін әкелді. Сөйтіп жан жақтан көмек берді. Солардың арқасында осы үйді салып алдық. Айтқан сөзіне тұрды. Көп-көп рахмет ол кісілерге. Жұмыс жасай берсін. Олар болмаса былай сала алмаймыз ғой.

khabar.kz