БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталасында Қазақстан Президентінің саяси жолдауы таныстырылды

2017 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шиеленістерді алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарына қатысты, осы пікірталастар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырып өтті.

Нью-Йорк қаласында өткен іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ұлыбритания, Италия, Латвия, Польша, Франция, Нидерланды, Украина, Швеция, Эфиопия және Жапонияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Ресей, Қытай, АҚШ және БҰҰ-на мүше басқа да мемлекеттердің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері қатысты. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері және БҰҰ елдерінің өкілдері пікірталастар барысында шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау саласындағы өздерінің ұлттық басымдықтары туралы мәлімдеді, сондай-ақ бүкіләлемдік ұйым қызметінің осы басымдықты бағыттары бойынша жаңа Бас хатшының жұмысына қолдау білдірді.

Пікірталастар барысында Қазақстанның Сыртқы істер министрі 2017-2018 жылдар кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан өкілеттіктерінің басталуына орай Мемлекет басшысының Саяси жолдауын жариялады.

khabar.kz