Универсиада нысандарында 40 медициналық пункт жұмыс істейді

Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарында күнделікті 450 медициналық қызметкер кезекшілік атқаратын болады. Спортшылар мен жанкүйерлерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету дайындығы қызу. Ал бүгін шұғыл әрекет ету қызметі мен медицина саласының мамандары қаладағы халықаралық әуежайда арнайы оқу-жаттығу шарасын өткізді.

Алматы Халықаралық әуежайына қонған ұшақты қауіпсіздік қызметі дереу оқшаулады. Осы ұшақпен Универсиада ойындарына Африка елдерінің бірінен 40 спортшы келген. Алдын ала мәлімет бойынша, спортшылардың бірінен қауіпті инфекциялық аурудың белгілері анықталған. 40 минут ішінде ұшақ бортына инвекциялық аурулармен күресетін дәрігерлердің алғашқы тобы көтеріледі.

Гүлнар Кулкаева, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

-Бұл оқу-жаттығудың маңызы зор. Науқас барлық талапқа сай оқшауланды. Жедел-жәрдем шақыртылып, шартты түрде инфекциялық ауруханаға жатқызылады.

Жалпы ұшақта 150 жолаушы бар. Олар шекаралық тексерістен ұшақ табалдырығынан түсе салып өтеді. Жолаушылар әуежай аймағынан арнайы дәліз арқылы шығарылғаннан кейін ұшақтың іші тазартылады. Науқаспен бірге келген барлық жолаушы медициналық тексерістен өтеді. Мамандардың айтуынша, бұр әрекет қауіпсіздік мақсатында жасалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, экватор белдеуі аймағында орналасқан елдерде жыл сайын инвекциялық ауруларға 200 миллионға жуық адам тап болады.

Файзулла Бөкейұлы, көліктегі тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары  

-Бүгінгі жаттығу көрсетті, дайындығымыз мол. Бүкіл керекті құрал-жабдықтар бар. Медициналық мекемелер, дәрі-дәрмектер бар. Барлық мекемелер дайын. Әр мекеме өз жұмыс, мақсатын біледі. 

13 қаңтардан бастап Универсиадаға қатысатын спортшылар мен шетелдік меймандар келе бастайды. Сол сәттен бастап қаладағы медицина саласының қызметкерлері спорттық нысандарда кезекшілікті күшейтеді. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

khabar.kz