Қарағандыда жылу маусымына дайындық жұмыстары сапасыз жүргізілген

Қыс басталғаннан бері Қарағанды облысының басынан бейнет арылмай қойды. Жаңа жылдың қарсаңында Теміртау жылусыз қалса, тауық жылының алғашқы күні Шаханда қазандық атылды.

Ал күні кеше 100 мыңға жуық тұрғыны бар Жезқазған шаһары коммуналдық игіліктен қағылды. «Демек, бұл жылу маусымына дайындықтың сапасыз жүргенін, жауапты мамандардың жоғары жаққа жалған есеп беретінін айғақтайды, – деді Үкімет отырысында Премьер-Министр. Осылайша, облыс әкіміне төтенше жағдайлардың алдын алуды қатаң тапсырды.

Кеше кешкілік Жезқазған қаласының тұрғындары бір мезетте жарықсыз, жылусыз және сусыз қалды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, оған жылу-электр орталығындағы жоғары кернеулі тоқ желісінің үзілуі себеп болған. Мамандар бірер сағатың ішінде орталықтың жұмысын қалпына келтіргенімен, пәтерлердегі жылу әлі де мардымсыз. 

Мақпал Орынбетова, Жезқазған қаласының тұрғыны

-Әлі күнге дейін үйдің іші салқын. Балалар, үйдегі үлкен кісілер де ауырып, суықтан тоңып, үйдің температурасы қалыпқа келмей тұр қазір. Биылғы жылыту маусымының өзінде қараша айында бір рет апатты жағдай болды деп естідік. ТЭЦ-та бір турбина жарылған. Одан кейінгі екінші мәрте осындай апатты жағдай орын алды. Енді ол техногенді апаттар айтып келмейтін шығар. Бірақ менің ойымша, бұл қаланың қысқа дайындығы ойдағыдай болмаған.

Жалғыз қала емес, бүтін бір облыстың биылғы жылу маусымына дайындығы сапасыз деп сөкті бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр. Осылайша, қысқа 100 пайыз қамдандық деп жалған есеп беретін жауапсыз мамандарды тәртіпке шақырды. Оған негіз де бар. Жаңа жыл қарсаңында Теміртау шаһарындағы №2 жылу-электр орталығында қазандықтың бірі істен шыққан еді. Селекторлық жиында әкім жағдай қалыпқа келді деп баяндады.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі

-Теміртау қаласындағы жылу жағдайы қазір тұрақты. №2 жылу-электр орталығында 5 қазандық үздіксіз жұмыс істеп тұр. Үйлерге беріліп жатқан температура көрсеткіші 84 градусқа жетті. Апат бола қалған жағдайда қосылатын алтыншы қазандық та дайын. Отын қоры да жеткілікті.

Күні кеше Шахан кентінде болған апат облыстағы шағын қалаларда жылумен қамту мәселесінің әлі де өткір тұрғанын көрсетті. Жертөледегі жеке қазандық жарылып, 9 адам мерт болған еді. Осыдан соң жедел түрде барлық үйлерге тексеріс жұмыстары басталып кетті. Бірақ соған қарамастан, энергетика басқармасының басшылары бәрі бақылауда екенін айтады.

Нұрлан Мәжитов, Қарағанды облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары

-Жылу маусымына дайындық ойдағыдай жүргізілді. Қаншама жұмыстар жасалды, қыруар қаражат бөлінді. Алайда соңғы уақытта болған төтенше жағдайлардан соң Қарағандыға бақылау күшейді. Дегенмен біз өз тарапымыздан кеткен олқылықтарды жойып, жылу маусымын нәтижелі қорытындылаймыз деген үмітіміз бар.

Орталықтандырылған жылыту жүйесінің тапшылығы Қарағандыға іргелес жатқан моноқалалардың барлығына тән. Саран қаласындағы 200-ден астам көпқабатты үй мен бірнеше әлеуметтік нысанды ірілі-ұсақты 56 қазандық жылытып келеді. Осыған орай бірер жыл бұрын орталықтандырылған үлкен қазандықтың құрылысы басталған еді. Бірақ 2015 жылы тапсырылуы тиіс нысан әлі ел игілігіне берілген жоқ.

 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов

khabar.kz