Ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс салалары экономикалық өсімге сеп болды

Өткен жылы экономикалық өсімге қай салалардың есебінен қол жеткізгеніміз белгілі болды. Ал биыл теңгенің бағамы қандай болмақ?

Зайнұр Байжігіт, тілші

-2016 жылы ішкі жалпы өнім жоспарланғандай 1 пайызды құрады. Өткен жылдың қорытындысын қызметіне жуырда ғана кіріскен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жариялады. Ал экономикалық өсімге қай саланың есебінен қол жеткіздік? Министрдің жауабын тыңдасақ. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі

-Ауыл шаруашылығы, көлік және құрылыс салалары экономикаға қозғау салып, ішкі жалпы өнімнің өсімін қамтамасыз етті. 

Тимур Сүлейменов 2017 жылы экономикалық өсімге қатысты болжамды өзгерткен жоқ. Бұған дейін Үкімет биыл ішкі жалпы өнім 1,9 пайызға дейін өседі деп пайымдаған еді. 

Ал бюджетке ірі табыс түсіріп келген еліміздегі уран өндірісі 10 пайызға азаймақ. Мұны «ҚазАтомӨнеркәсіп» басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиев хабарлады. Айтуынша, қысқарту әлемдік өндірістің 3 пайызын құрайды. Қазір жаһандағы нарықта уранға деген сұраныстан гөрі, ұсыныстың үлесі артып, құнына кері әсер етіп отыр. «Сондықтан баға қымбаттамайынша, уранның жер қойнауында жатқаны жөн», – дейді Асқар Жұмағалиев.  

2017 жылы доллар нығайып, тіпті құны еуромен теңеседі. Әйгілі «Голдман Сакс» инвестициялық банкінің сарапшылары осылай деп топшылап отыр. Биыл АҚШ-тың Федеральдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін. Өйткен жағдайда коммерциялық банктер үшін қарыз алу қиындайды. Сөйтіп кейбір болжам бойынша, доллар құны еуродан да қымбаттай түсуі мүмкін.

Ал төл ақшамыздың тағдырына қатысты өз болжамдарымен бөліскен отандық сарапшылар: «Теңге бүгінгі бағамын сол қалпында сақтайды», – дейді. 

Сапарбай Жобаев, экономист

-Қазақстан – экспорттаушы, өндіруші мемлекет. Ал өндіруші мемлекеттер үшін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 330-350 болғаны дұрыс. Біз өндірушілерді қолдау үшін Ұлттық банк те осы бағамда ұстап тұруға әсер етеді. Егер мұнайдың бағасы қалыпты болса.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан қор биржасындағы соңғы саудада 1 доллар 332 теңге 90 тиынға бағаланды.

Жүргізуші

-Қара алтынның құны қалай болып жатыр?

Зайнұр Байжігіт, тілші

-ОПЕК мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді 70 пайызға орындады деген хабардан кейін, 54 долларға дейін арзандаған қара алтын соңғы саудада қайта қымбаттай бастады. 

Жүргізуші

-Айтпақшы, ОПЕК келісімі бойынша Қазақстан да мұнай өндірісін қысқартуы тиіс емес пе?

Зайнұр Байжігіт, тілші

-Иә, еліміз тіпті ОПЕК алдындағы өз міндеттерін орындауға кірісіп те кетті. Бұл туралы бүгін Энергетика министрілігі хабарлады.

khabar.kz