Тұмауға шалдыққандар қатары азаймады

Қыс ортасына жақындады. Жаңа жыл мерекесі өтіп, балалардың демалысы біте бере тұмаудың өршитін кезі. Әдетте осы кезде емханалардағы кезек көбейіп, қызуы көтерілгендердің шақыруына жедел жәрдем қызметі жетіп, үлгере алмай жатады.

Соңғы екі аптада Шығыс Қазақстан облысында тұмау шектік деңгейіне жетті. Тұмауға шалдыққандардың 64 пайыздан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан қазір өңірдегі барлық ауруханалар мен емханалар ерекше кестемен жұмыс істеп жатыр. Ауруханалар қазір тәулігіне орташа 40-тан аса науқасты қабылдайды. Бұл жай күндегіден 3 есеге көп. Дегенмен дәрігерлер дерттің өткен жылдардағы деңгейден аспағанын айтады.

Әлия Оспанова, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы 

-Биылғы жылы тұмау вирусының А және В түрлері айналымда. Аурушаңдық деңгейін төмендету мақсатында күнделікті осы ауруханаларға жатқызылған және зертханалық тексерудің нәтижесіне мониторинг жасап отырамыз. Біздің жүргізген мониторинг бойынша, ауруханаларда орын жеткілікті. Оның бәрі жедел штабта қарастырылады.

Ал Павлодардағы жағдай біршама тұрақты. Осыдан біраз уақыт бұрын шетінеген 4 айлық баланың өліміне тұмау себеп деген ақпаратты жергілікті дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Нәресте бронхопневмониямен ауырған екен. Тұмаумен 19 адамның ауырғаны ресми түрде тіркелді. Дегенмен жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырғандар қатары көбейіп келеді екен.

Гүлмира Құлмағанбетова, облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы

-Бізде тұмаурату шектік деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ соған жақындады. Науқастардың тұмаудың ерекше түрін жұқтырғандары тіркелмеді. Дерттің дендеп кеткені де жоқ.

Ал оңтүстік өңірдегі жағдай ала-құла. Алматы облысында 43 мыңға жуық адам жедел респираторлы вирусты инфекция жұқтырыпты. Бұл өткен жылдағыдан 47,8 пайызға көп. Ал Қызылорда мен Жамбыл облысында тұмауға шалдыққандардың қатары былтырға қарағанда 11 пайызға азайыпты. Мұндай жағдайға дәрігерлердің өзі таңданып отыр.

Бақытғали Ережепов, ОҚО штаттан тыс бас инфекционисті

-Қазіргі таңда ОРВИ-дің жағдайы жаңа жылдан бері төмендеуде. Оған дейін біз ОРВИ-мен түскен науқастардың көбейгендігін айтқан болатынбыз. Бірақ күн жылынғанда, вирус өршігенін көрсету керек еді, бүгінде қайта төмендеп отыр.

Қыс әлі біткен жоқ. Сондықтан дәрігерлер ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге кеңес береді.

Автор: Әбдез Рахманұлы

khabar.kz