Мүлікті жария ету акциясы аясында 5,7 трлн теңгенің активтері заңдастырылды

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында мәлім болды. Жария етілген жылжымайтын мүлік пен қаражат ел экономикасына қаншалықты серпін беруі мүмкін? Ал капиталдарын жарыққа шығарған азаматтардың алаңсыз өмір сүруіне кепілдік бар ма?

Заңдастырылған 5,7 трлн теңгенің басым бөлігі, яғни 53 пайызы 2016 жылдың 4-ші тоқсанында жария етілген. Рәсімдер жеңілдетіліп, азаматтарға қосымша кепілдік ұсынылғаннан кейін ғана көрсеткіш түбегейлі өзгерді. Жария етуші тұлғаның қудалауға түспеуін Бас прокуратураның өзі қадағалайды. Активтердің 4,1 трлн теңгесі қаржылай, қалғаны мүлік түрінде заңдастырылған. Акцияға бас-аяғы 140 мыңнан астам азамат қатысып, 12 мыңға жуық есепшот ашылды. «Шара көлеңкелі экономиканы анықтап, бірнеше саланы дамытуға серпін береді», – дейді Қаржы министрі. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі

-Бұл біріншіден бюджетке жалпы ықпал етеді. Қаржы секторына оң серпінін тигізеді. 9 трлн теңге банк шоттарында қалып отыр. Бұл банктерді қаржыландырудың және экономиканы несиелендірудің қосымша көздері болып табылады.

Яғни заңдастырылған қаржы банктер арқылы экономиканың әртүрлі секторын дамытуға бағытталады. Сонымен қатар инвестициялық сұранысты ұлғайтып, салықтық түсімді арттырмақ. Жалпы жария ету науқанында айрықша белсенділік танытқан Алматы қаласы. Екінші орын Астана еншісінде болса, үздік үштікті Алматы облысы түйіндейді. Үкіметтің селекторлық отырысында жан-жақты талқыланған тағы бір тақырып – жастар саясаты.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Негізінен біз жастардың форумында, үлкен бір акциялар өткізген кезде белсенді жастарға ғана көңіл бөле беретін сияқтымыз. Ал қалған жастар төңірегінде үлкен бір форум, акциялар өткізу қажет сияқты. Оның үстіне қабылданған бағдарлама туралы мәлімет жетпейді.

Тың бастамалардан ауыл жастары хабарсыз. Сондықтан болар жұмыссыздардың дені – ауыл тұрғындары. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда жіті көңіл бөлуді талап ететін 200 мыңға жуық жас бар. Олардың 56 пайызы ауылда. Мектеп жанынан кәсіптік бағдарлау кабинеттерінің ашылуы қалыптасқан түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болмақ. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

-8 мыңға жуық мектепте, орта кәсіптік оқу орындарында кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Онда жоғары сынып оқушыларына кәсіптік дағдылау бағыттары, жаңа және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттар беріліп, қажетті тестілеу жүргізіледі. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алудағы маңызды шара. 

Жұмыссыздықпен күресуде биыл қолға алынған тегін кәсіптік-техникалық білім беру және еңбек бағдарламалары маңызды рөл атқарады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі

-Еңбек бағдарламасы 1-ші сәуірде басталады. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен азаматтар. Қысқа мерзімді курстарға баратын азаматтар оған қатысады. 1 қыркүйектен бастап оған колледждер қатысып жатыр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі

-Тағы да жұмыспен қамтитын бағдарлама ол – «Серпін». Жастарды сол кадрлық және еңбек ресурстары мол аймақтардан, атап айтақанда оңтүстік аймақтардан солтүстікке оқуға және жұмысқа жіберу бағдарламасы. Біздің ойымызша, ақпаратты түсіндіру бағдарламаларын сапалы әрі белсенді жүргізу керек. 

Сонымен қатар Дін істері және азаматтық қоғам министрі жастарды ынталандыру үшін «Дарын» сыйлығын жыл сайын тағайындауды ұсынды. Мұнымен қоса, барлық мектептерде бір уақытта «Отбасы сағатын» өткізіп, жанұя құндылықтарын кеңінен насихаттау жөнінде бастама көтерді. Тың идеялардың білім министрлігі мен әкімдіктер тарапынан қаншалықты қолдау табарын уақыт көрсетеді.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Бекболат Базаров

khabar.kz