Педофилдерді қатаң жазалауды қолдаушылар көбеюде

Ақтаулықтар да, оның ішінде ерікті Айгүл Ахметова педофилдерді қатаң жазалауды сұрап, Президент атына хат жолдамақ. Онда соңғы жылдары елімізде зорлық көрген сәбилер саны көрсетілген. 

Мұндай қылмысқа барғандарды химиялық кастрациялап, он бес жылға түрмеге жабу мәселені шешпейді. 

«Ондай оқиғалардың алдын алу үшін жазаны қатаңдатуды сұраймыз», – делінген хатта. 

«Фейсбукта» жарияланған өтінішті қолдаушылар саны артуда. Тұрғындар ғаламторда қол қоюда. 

Бүгінде миллионға жуық дауыс жиналыпты. Еріктілер көшелерді аралап, халықпен жүздесуде.

Анна Лукьянченко, ерікті

-Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оның емделгені емес, өмірбойына түрмеге кесілгені әділетті болар еді. Ол ауыр қылмысқа барғанға дейін қоғамда дені сау адам ретінде өмір сүрді ғой. Бұл менің жеке ойым. Нақты жаза заңмен бекітілер. Ерікті ретінде көпшілікке қолұшын беруді жөн көрдім.

Айтпақшы, Ақтауда педофилден жәбір көрген 6 жасар қыздың жағдайы әзірге ауыр. 

Естеріңізде болса, 27 тамыз күні оны санавиация қызметімен елордадағы «Ана мен бала» орталығына алып келгенін айтқанбыз. 

Қыздың өмірі үшін қазір отандық дәрігерлер күресіп жатыр. Ең білікті мамандар кеңес беруде.  

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, қызға әзірге шетелдік дәрігерлердің көмегінсіз қажетті ем-дом көрсетілуде.

khabar.kz