Алматының мыңжылдығына орай «Біздің сүйікті қаламыз» кітабы жарық көрді

1 қыркүйек – Білім күні мерекесі. Бүгін еліміздің барлық мектептері оқушыларға есіктерін айқара ашты. Білім ұяларында дәстүрлі «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиындары өткізілді. 

Алматыда қолдарына гүл шоқтарын жинаған түлектер сынып жетекшілерімен қауышып, жаңа оқу жылына қадам басты. Арнайы мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар да салтанатты шараларға қатысты. 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында іске асқан жоба. Биыл өңірде 611 мың оқушы мектепке барса, 1-сынып табалдырығын 77 мыңға жуық бала аттады.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылында жаңа оқу жылында білім ордасына бес оқушы қабылданды. Бала саны аз болып, бұл мектеп бірнеше жыл бұрын жабылған еді. Енді Қытайдан қандастарымыз көшіп келіп, білім ордасы қайта ашылды. 

Ал Қарағанды облысы Құрма ауылында бала саны көбірек. Бұнда 320 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Балалардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалған.

Ділназ Байтілеуова, 1-сынып оқушысы

-Жаңа мектеп өте әдемі, өте күшті. Маған қатты ұнады.

Ал Алматыда қаланың мыңжылдығына орай «Біздің сүйікті қаламыз» кітабы жарық көрді. 

Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияда оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқулықтарды қала әкімі сыйлады. 

Оқушылар үшін арнайы жазылған басылым шаһардағы мектептер мен кітапханаларға тегін таратылады

Айтпақшы, тағылымға толы «Біздің сүйікті қаламыз Алматы» кітабы біздің қолымызға да жетті. Дәл осы кітап жаңа ғана алматылық оқушыларға үлестірілді. 

Дегенмен, телевизияның құдіреті кітапты қазір Астанадағы студиямызға ұшақпен алдырып отырмыз. Алматының мың жылдығына арналған кітапты оқушылар мен қатар ересектерге де оқуға кеңес береміз.

khabar.kz