Қарағанды облысында 3 адамның түйнеме жұқтырғаны расталды

Осыған орай мал сойылған Жеңіс қыстауында карантин жарияланды. Бұл туралы біздің аймақтағы тілшілерімізге облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеген. 

Өңірдегі қазіргі ахуалды бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұрған тілшіміз Ардақ Асылханұлынан сұрап білейік. Ардақ, індетті жұқтырған науқастардың жағдайы қалай?

Ардақ Асылханұлы, тілші

-Науқастардың екеуі қазір мына менің артымдағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Ал біреуі – Балқаштағы ауруханада. Қазір олар дәрігерлердің қатаң бақылауында. Жағдайлары бірқалыпты. Зертхана нәтижесі бойынша бұл үш бірдей науқастың түйнемені жұқтырғаны расталды.

Естеріңізге сала кетейік, 16 тамыз күні Ақтоғай ауданындағы Жеңіс қыстауында ерлі-зайыптылар мал сойған болатын. Кейін ол етті Балқаш қаласындағы дүкенге апарып өткізген. 

Қатерлі індетті жұқтырғандардың бірі дәл осы дүкенде жұмыс істейтін қасапшы жігіт. Қазір саудаға түскен бұл еттің 68 келісі тәркіленіп, жойылды. Ал қалған 22 келісі сатылып кеткен. 

Қазір сондай-ақ дәрігерлер науқастармен байланыста болған жандарды да тексеріп жатыр. 

Болат Қалмағанбетов, облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары

-Қазіргі күні науқастармен байланыста, қарым-қатынаста болған 180 адам арнайы ем-дом алып жатыр. Бұл Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының тұрғындары. Күнделікті дәрігерлердің бақылауында. Әзірге олардың арасында ешқайсынан түйнеме белгісі байқалған жоқ.

Ардақ Асылханұлы, тілші

-Қазір мал сойылған Жеңіс қыстауында карантин жарияланып, ол жерде ветеринарлар залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

khabar.kz