4-5 қыркүйекте Ханчжоу қаласында G20 саммиті өтеді

Қытай Халық Республикасының төрағасы және «Үлкен жиырмалық» тобының қазіргі төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Мемлекет басшысы 4-5 қыркүйекте Ханчжоу қаласында өтетін G20 саммитіне қатысады. 

Мәртебелі қонақтарды қабылдауға дайындалып жатқан қаладан әріптесіміз Мұхтар Ыбырайым хабарлайды.

Ханчжоу – Қытайдың көне шаһарының бірі. Шанхайдан 180 шақырым жерде орналасқан. Әп-сәтте қарапайым туристік мекеннен әлем жұрты көз тіккен саяси орталыққа айналды. «Үлкен жиырмалықтың» жиынына дайындалып жатыр.

27 елдің басшысын қабылдау үшін қауіпсіздік айтарлықтай күшейген. Визалық тәртіптің өзгеруіне орай қыдырып келгендер аз. Қалада көлік қозғалысы шектеулі. Біраз дүкендер мен мейрамханалар жабылды. 1 млн тұрғын уақытша басқа жаққа көшірілді. 

Ал жаңа оқу маусымы болса, қыркүйектің 7-іне шегерілді. Туындаған қолайсыздықтарға қарамастан халық жаһандық жиынның маңызын түсініп отыр.

Чын Джынь, көше тазалаушы 

-Біраз дүкендердің жабылуына орай жұмысым азайып қалды. Көшелерде кісі аз. Дегенмен, адамдар бұл жайттарға түсіністікпен қарап жатыр. Саммит біткен соң бұрынғы қалыпқа қайта көшеміз. 

Ханчжоудың табиғаты көркем. Елге шайымен танымал. Бірегей сұрыптар өсіріледі мұнда. 

Қытайлықтар жан мен тән гармониясын осы шайдан табады екен. Үлкен саясатта да гармония болуға тиіс деген пікірде. 

Үлкен үстелдің басында Қазақстанға да орын бұйырды. Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен G20 жиынының құрметті қонағы атанбақ. 

Алыптармен бірге Қазақ елінің де саммитке қосар үлесі аз емес. Биылғы тақырып – инновациялық, өзара байланысты, тұрақты және инклюзивті экономика құру. 

Cюй Тао, Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясының сарапшысы

-Қазақстан Президентінің осы жиынға қатысуы екі елдің достық қатынасы мен мақсаты бір екенін көрсетеді. Саммитте қос ел көшбасшылары экономикалық мәселелерді ғана емес, басқа да жаһанға маңызды сұрақтарды жеке дара отырып ақылдасады деп ойлаймын. Меніңше, екі ел басшылары «Ұлы Жібек жолы» экономикалық белдеуінің болашағын талқылайды.

Сапар аясында Елбасы Қытай төрағасымен жеке кездеседі деп күтілуде. Екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланып, бірқатар келісімдерге қол қойылмақ. 

Бұдан бөлек, саммитке келетін кейбір елдердің басшыларымен де жүздесулер жоспарланған.  

Мұхтар Ыбырайым, тілші 

-Екі күннен кейін «Үлкен жиырмалық» осы ғимаратта бас қосады. Халықаралық «ЭКСПО» орталығы деп аталады. Аумағы 15 мың шаршы метрді алып жатқан ғимарат бар-жоғы 8 айда саммитке арнайы бой көтерген. Ұзынсаны 25-тен астам елдердің басшылары қатысатын алқалы жиынға бірнеше мың тілші тіркелген. Алдағы қызу пікір-таластарды журналистер ең үлкен баспасөз орталықтарының бірінен тамашалайтын болады.  

Журналистердің алғашқы легі медиаорталыққа жайғасып үлгерді. Әзірге мұнда тілшілерден гөрі еріктілердің саны басым. Келген меймандарды қарсы алып, орталықтың қыр-сырымен таныстыруда. 

Көшеде жүрген халық та G20 насихаттауда. Базарларда арнайы кәде-сыйлар сатылып, суретшілер туындыларын саммитке арнап жатыр.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Руслан Жәкеев

khabar.kz