Шартарап: Қытайда G20 саммитіне орай сақтық шаралары күшейтілді

Сонымен күні ертең G20 саммиті Қытайда басталады. Әріптесіміз Меруерт Айтқазықызы әңгімелейді. Жаңалықтарды «Шартарап» айдарымен жалғастырамыз. 

Жүргізуші: 

-Меруерт, саммит алдында елде қауіпсіздік күшейтілді деп естідік. Солай ма?

Меруерт Айтқазықызы, тілші

-Иә, аспан асты елі өз тарихында алғаш өтетін G20 саммитіне дайындалуда. 9 миллион тұрғыны бар Ханчжоу қаласынан 200 шақырымдағы 250-дей зауыт-фабрикалар жабылған. Тұрғындарға ағылшын тілін меңгеруге де жағдай жасалған. Аймақта жол қатынасы мен байланысты жақсарту үшін 700 жоба іске асырылған. Әлемнің беделді тұлғалары келетін жиын алдында шаһарда сақтық шаралары күшейтілді.

Жан-Пьер Кабестан, сарапшы 

-Қытай үшін бұл саммиттің жақсы өтуі маңызды. Мақсатымыз – алып экономикасы бар еліміздің әлемдік экономиканы жандандыруға да қауқарлы екенін көрсету.

«Бразилиядағы парламенттік төңкеріс Латын Америкасының тұрақтылығына қарсы әрекет». Венесуэла Президенті Николас Мадуро осылай деді. 

Сондай-ақ ол Русефтің импичментінен соң елшісін Бразилиядан қайтару керек деп шешті. 

Бұған дейін Венесуэланың ресми өкілі мамыр айында еліне қайтарылған. Онда Бразилия парламенті Дилма Русефті 180 күнге қызметінен алыстатқан еді. Енді 61 сенатор Русефтің биліктен кетуіне дауыс беріп, бұл халықтың наразылығын туғызды.

Ал Сауд Арабиясы бастаған коалицияның әуеден жасаған соққысынан Йеменнің Саада провинциясында 16 тұрғын көз жұмды. 

«Рейтер» агенттігі: «Соққылар тұрғын үйге түсті. Құрбандар арасында әйелдер мен балалар көп», – деп хабарлады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Йемендегі 3 жылғы қақтығыстарда 10 мыңнан астам адам мерт болған.

Куәгер:

-Құрбандардың денелері үйінділер астында. Оларды шығаруға бата алмай отырмыз. Шабуылдар әлі де қайталануы мүмкін деп қорқамыз. 

Ал кеше Италияда 73-венеция кинофестивалі ашылды. Кино әлемінің айтулы шарасы 10 қыркүйекке дейін созылады. Биыл қауіпсіздік мәселесіне барынша көңіл бөлінген. 

Фестиваль директоры Альберто Барбердің мәлімдеуінше, 24 тамызда Италияда болған зілзаладан кейін мерекелік шаралар саны біршама азайтылған.

Кинофестивальдің шымылдығын америкалық режиссер Дэмьен Шазелланың «Ла Ла Лэнд» туындысы ашты. 

Жалпы додаға 20 кинокартина қатысады. Вим Вендерс, Франсуа Озон, Эмир Кустурица, Терренс Малик сынды жүзден жүйрік деп танылған 20 режиссер «Алтын арыстан» жүлдесін алуға бақ сынасады.

«Шартарап» айдарының соңында әдеттегідей қызықты мәлімет. Әйгілі актер Жан-Клод Ван Дамм өз «Инстаграмм» парақшасында «Патимейкер» әнімен әрленген биін жүктеген.  

Бұл оның 1989 жылғы «Кикбоксер» фильміндегі биі. Қазірдің өзінде бейнені 160 мыңнан астам адам тамашалаған.  

Жүргізуші: 

-Білуімше, жақында киносүйер қауымды «Кикбоксер» фильмінің ремейкі күтіп тұр екен? 

Меруерт Айтқазықызы, тілші

-Иә, бұл 89 жылғы туындының ремейкі. Бұл фильмде де басты рөлді Ван Даммның өзі ойнайды. 

khabar.kz