Қарағанды кітапханасына латын графикасымен жазылған үш кітап тапсырылды

Қарағандыдағы Гоголь атындағы облыстық кітапханаға ардагер ұстаз, журналист Ошақбай Суханберлин латын графикасымен жазылған үш бірдей кітапты тарту етті.

Оның бірі – һакім Абайдың кітабы, енді бірі – Джек Лондонның «Ақ азу» шығармасы, ал үшіншісі – Николай Островскийдің «Құрыш қала» туындысы. Үш әдебиет те 1930 жылдары жарық көрген. Соғыс басталған жылдары ауыл мектебінің басшылары латын қарпімен жазылған бірнеше кітапты далаға шығарып тастаған. Оны көрген ақсақал бірнеше кітапты тығып алып қалыпты. Содан бері сақтап келген. Бұл латын әліпбиімен жазылған облыстық кітапхана қорындағы алғашқы кітап болмақ. Қазір кітапханада 500 мың кітап болса, соның барлығы да кириллицамен жазылған. Кітапханашылар тұрғындарды сандық түбінде жатқан сақтаулы кітаптары болса, тапсыруға шақырады.

Ошақбай Суханберлин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Көшіп-қонып жүрген уақытта қалып қоятын шығар деп ойладым. Осында берген себебім көпшілік танысын, көрсін дедім. Елдің қолында болсын. Аға буынның әлі де болса ескіден қол үзбей келе жатқандығын білсін, жалғасын көрсін, латын әліпбиі әлі де арамызда бар екенін, тіріліп келе жатқандығын байқасын, сезсін деген мақсат.

khabar.kz