Оңтүстікқазақстандық шаруалар күріштен рекордтық өнім жинады

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданы – ертеден күрішімен танымал өңір.

Биыл аудан 900 гектар алқапқа күріш еккен. Диқандар әр гектардан орташа есеппен 70-80 центнерден дара жарнақтыларды жинамақшы. Ал аудан биыл 3 660 тонна өнім алмақ. «Бұл былтырғыдан анағұрлым ауқымды», – дейді шаруалар.

Рахымберді Айтмырзаев 26 гектар жеріне күріштің «Мустахлик» сортын егіпті. Ала жаздай еңбектенген шаруа қазір орақ науқанына кіріскен. «Әр гектардан 80 центнерден салы жинаймыз», – дейді. «Биыл бұл дақылға мемлекеттен қолдау жақсы болды», – дейді диқан. Әр гектарына 30 мың теңгеден субсидия алыпты. Күріш еккен алқабын келесі жылы ұлғайтпақ ниетте.

Рахымберді Айтмырзаев, қожалық төрағасы:

-Күріштің ең бір тиімділігі 130-140 күн суда тұрады. Ал енді мына жердің соры шайылып, келешекте егілетін дақылға дайын жер болып қалады. Қырманымыз, қоймамыз бар. Оны 2-3 жыл көлемінде дайындадық. Енді цехты ашсақ дейміз.

Шардараның үлкен су қоймасы шаруалардың суды көп тұтынатын күріш өсіруге мүмкіндік береді. Биыл ауданда 896 гектардан астам алқаптан 3 660 тонна салы жинамақшы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 тоннаға артық.

Қайрат Жолдыбай, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

-Келесі жылға егіс көлемін 3 есеге арттыру жоспарланып отыр. Күріш 4-5 ай суды қажет ететін дақыл болып саналады. Шардара су қоймасында жылына 5,2 млрд-қа дейін су жиналады. Сондықтан сумен қамтамасыз етуде кедергі келтірмейді. Күріш саласын дамытуға болады.

Күріш алқабының көлемін көбейту үшін келер жылы 277 шақырымдағы каналдар жөнделмек. «Осы арқылы аймақтағы пайдаланбай бос жатқан жерлерді игеруге болады», – дейді жергілікті билік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

khabar.kz