ШҚО-да жаңа кен байыту фабрикасы салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жаңа кен байыту фабрикасы салынып жатыр.

Қазір инженерлік инфрақұрылым тарту, құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүруде. Болашақта мұнда жылына 2 млн тоннаға дейін кен өндірілмек. Нысан 2018 жылдың маусым айында іске қосылады деген жоспар бар. Алтын қорына бай Бақыршық кенішін 2 жылдан бері ресейлік инвесторлар игеріп жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 600-ден артық адам еңбек етуде. Жаңа фабрика іске қосылғанда тағы 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Инвесторлар өңір экономикасына ғана емес, әлеуметтік жобаларға да үнемі атсалысып келеді.

Нұрлан Сыдықов, Жарма ауданының әкімі:

-Былтырдың өзінде 30 млрд теңге инвестиция құйылды. Биыл 50 млрд теңге. Қазір Бақыршықта жұмыссыздық деген жоқ. Сонымен қатар ауданымызға да, облысымызға да көмектесіп жатыр. Бұл жоба толық қуатына 2018 жылдың II жартыжылдығында шығады. Жарты жылдың өзінде 6 млрд теңге салық төлейді. Бұл республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерге төленеді.

khabar.kz