Қыркүйекте ауа райы қандай болады?

Елімізге күз келді. Аймақтарда күн райы құбылмалы. Кей өңірде жауын-шашын мол жауса, екіншісінде суық ызғар сезілуде. Сондықтан «Қазгидромет» мамандарынан қыркүйекте ауа райы қандай болатынын білуді жөн санадық.

Қазір біздің студиямызбен тікелей байланыста Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева. 

Жүргізуші: 

-Гүлмира, кеш жарық! Қыркүйектің алғашқы үш күнінде күн райы қаншалықты құбылуы мүмкін?

Гүлмира Ақышева, «Қазгидромет» РМК Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы  

-Алдағы үш күнде еліміздің батыс өңірінде белсенді циклонның әсерінен тұрақсыз күн райы әлі де сақталады. Бұл кезде жаңбыр жауып, тіпті кей өңірлерде қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Ауаның сынап бағанасы 15 градустан 25 градусқа дейін жоғарылайды. Ал қалған өңірлерде жауын-шашынсыз. Және жылы күн райы күтілуде. Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауаның сынап бағанасы 20-25 градус төңірегінде болса, оңтүстікте 30-35 градус төңірегінде болады.

Жүргізуші: 

-Гүлмира, алдағы 1 айға қандай болжам жасар едіңіз? 

Гүлмира Ақышева, «Қазгидромет» РМК Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы

-Ауа райын ұзақ мерзімге болжам бойынша алдағы қыркүйек айы еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мөлшер шамасында, ал қалған өңірлерде 1 градусқа жылырақ болады. Жауын-шашынға келетін болсақ, еліміздің солтүстік, батыс өңірінде, оңтүстік шығыс өңірінде жаңбыр мөлшер және шамадан тыс жауса, қалған өңірлерде жаңбыр аз жауады деген болжам күтілуде. 

khabar.kz