Қазақстан Республикасы соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2016 жылғы 28 сәуірдегі № 6001-16-7-4/87 өкімімен бекітілген)
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2016 жылғы 28 сәуірдегі
№ 6001-16-7-4/87 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл
тұжырымдамасы
Осы Тұжырымдама республика соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен (бұдан әрі - БАҚ) өзара іс-қимылын жетілдірудің қағидаттарын, мақсат-міндеттері мен негізгі бағыттарын айқындайды.
Тұжырымдама сот органдарының қызметін объективті және кәсіби негізде ақпараттық сүйемелдеу мақсатында әзірленді, бұл өз кезегінде халықтың сотқа деген сенімін және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
1. Ағымдағы ахуалды талдау
Мемлекет басшысының сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша алға қойған міндеттерін орындау мақсатында Жоғарғы Сот сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде БАҚ-тың күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне қатысты жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керектігін атап өтті.
Осы міндет «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарын іске асыруға байланысты айрықша өзектілікке ие болып отыр. Аталған бағдарламалық құжатқа сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық соттар жаңа үш буынды жүйе жағдайында жұмыс істеуде, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар арттырылды, судьяларды даярлау мен іріктеу жүйесі күшейтілді, сот процестерін өткізу кезінде аудио-, бейнетіркеуді қолдану жүйесі жетілдірілді, қолданыстағы заңнамаға сот ісін жүргізуді жеңілдету жөнінде өзгерістер енгізілді және тағы да басқа бірқатар шаралар қабылданды. Тұтастай алғанда, Ұлт Жоспарына сәйкес судьялар корпусының алдына сот төрелігінің сапасын және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру жөнінде бірқатар міндеттер қойылды.
Жоғарғы Сот Ұлт Жоспарында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, сот жүйесінің қызметін ақпараттық жария ету мақсатында БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты жолға қойды. Осы ретте жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға айрықша көңіл бөлінуде.
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі соттар жұмысының өзекті тақырыптары мен резонансты істер бойынша бейнеблог жүргізіп келеді. Осы ретте 15 бейнеблог әзірленіп, бейнехостингтер мен әлеуметтік желілерде (facebook, kiwi, youtube және басқалар) орналастырылды. Оларды көрудің жалпы саны шамамен 400 мың ретті құрады.
Сот жүйесін жаңғыртудың негізгі аспектілері туралы екі инфографикалық бейнеролик әзірленіп, танымал интернет-ресурстарға көптеп таратылды. Оларды көрудің жалпы саны шамамен 260 мыңды құрады.
Жоғарғы Соттың интернет-ресурсы белсенді жұмыс істеуде. Оған күн сайын соттар қызметі туралы ең өзекті ақпарат жарияланып отырады. Интернет-ресурстың қызметін орташа есеппен алғанда тәулігіне шамамен 4,5 мың дербес қолданушы тұтынады. 2015 жылы сайтты қолдану көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда орташа есеппен екі есеге артты. 2014 және 2015 жылдардағы «Қазконтент» АҚ-ның рейтингісінің қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурсы барлық орталық мемлекеттік органдардың веб-сайттары арасында бірінші орынды иеленді.
Танымал әлеуметтік желілерде соттардың дербес парақшалары (аккаунттары) ашылып, тұрақты түрде жұмыс істеуде. Оларда сот органдарының қызметі туралы барлық жаңалықтар мен бейнематериалдар жариялануда. Азаматтардың сот ақпаратына кеңінен қол жеткізуіне жоғары сот органы интернет-ресурсының «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервистерінің тиімді қызмет етуі де өз ықпалын тигізіп отыр.
Жалпы, отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауынша, республиканың судьялар корпусы жоғары деңгейдегі ашықтық пен айқындылықты көрсетіп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот процестерін өткізу кезінде БАҚ өкілдерінің сот залдарына кіруі қамтамасыз етіледі. Барлық облыстық және оған теңестірілген соттарда баспасөз қызметтері, сондай-ақ БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьялар белсенді жұмыс істеуде. Олар брифингтерді, баспасөз мәжілістерін, «Ашық есік күндерін» ұдайы өткізуде, баспасөз хабарламаларын әзірлеу және уақтылы жіберу, БАҚ-та сөз сөйлеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Тек 2015 жылдың өзінде ғана БАҚ-та 53 мыңнан астам сөз сөйлеулер мен жарияланымдарды шығару қамтамасыз етілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметімен (бұдан әрі - ОКҚ) өзара белсенді іс-қимыл орнатылды. Мәселен, 2015 жылы ОКҚ алаңында Жоғарғы Сот судьялары мен заңгерлер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен сот-құқық жүйесін реформалаудың негізгі мәселелері туралы 7 брифинг пен баспасөз мәжілісі өткізілді.
Сот органдары меншік нысанына қарамастан барлық БАҚ редакцияларымен өзара тиімді диалог орнатты. Телевизиялық бағдарламаларды, деректі фильмдерді, аудио- және бейнероликтерді, ток-шоуларды, ақпараттық-жаңалықтық сюжеттер мен мақалаларды әзірлеу бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Осындай жобалардың қатарында «Хабар» агенттігі» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандық соттардың дамуы туралы «Сот төрелігі» - «Правосудие» тележобасы сәтті іске асырылды. «Zakon.kz», «Қазақпарат», «Bnews.kz», «Tengrinews.kz», «Информбюро» ақпараттық агенттіктерімен ынтымақтастық негізінде сот-құқық тақырыбындағы маңызды материалдарды жедел орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. «Қазақстан» мен «КТК» телеарналарымен бірлесіп, «Қылмыс пен жаза» және «Черный квадрат» тележобалары белсенді түрде іске асырылуда. Оларда қоғамда айрықша резонанс тудырған сот процестері көрсетіледі.
Жоғарғы Сот беделді үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен сындарлы ынтымақтастық орнатты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Судьялар одағы, Қазақстан Журналистер одағы, Бас редакторлар клубы, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры, «Internews», ЮНИСЕФ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі және тағы басқалар бар. Бірлескен жобалар шеңберінде баспасөз қызметі мен БАҚ қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер, сондай-ақ журналистер үшін шығармашылық конкурстар өткізілуде.
Дегенмен, қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, соттардың БАҚ-пен ынтымақтастығы жеткілікті әрі жүйелі деңгейге жеткен жоқ. Өткізіліп жатқан іс-шаралардың бір бөлігі көбінесе формальды сипатқа ие. БАҚ-тағы сот істері бойынша шыққан жарияланымдардың басым бөлігі бұрынғысынша құр ақпараттық сипаттан әрі аса алмай отыр.
Жергілікті соттарда журналистермен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл орнату көбінесе баспасөз қызметтері мен баспасөз хатшыларына жүктелген. Судьялар мен соттар кеңселерінің салалық құрылымдарының өкілдері бұл жұмысқа белсене араласпай отыр. Осы ретте баспасөз қызметтерінің бірқатар қызметкерлері мен судьяларының журналистермен қарым-қатынас бойынша тиісті тәжірибесі жоқ. Осының салдарынан БАҚ-та қабылданған сот актілерінің уәждері мен заңды негіздерін қоғамның ауқымды бөлігіне түсінікті тілде жеткізетін ақпарат пен кәсіби деңгейдегі комментарийлердің аздығы байқалады. Мұның өзі қоғамда белгілі бір істер жөнінде фактілерге негізделмеген ұшқары пікірлер туғызып, соттардың жұмысына деген сенім деңгейін азайтып отыр.
Жергілікті соттар соттардың қызметіндегі кемшіліктер туралы БАҚ-тың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың сынына уақтылы әрі тиісті деңгейде ден қоймайды, мәселелер мен жағымсыз құбылыстарды жою бағытында қабылданған шешімдер туралы халықты хабардар етпейді. Интернет пен әлеуметтік желілердегі жұмыстың жеделдігін арттыру бойынша белгілі бір шаралар қабылдау қажет.
Мұның барлығы қоғамның кең ауқымды бөлігінің сот жүйесін жабық корпорация ретінде қабылдануына алғышарт тудырады. Судьяларға тікелей қатысты да теріс көзқарас қалыптасуда. Тұрғындар көбінесе оларды өздерінің дербес қағидасы бойынша өмір сүретін артықшылыққа ие жекелеген топ ретінде қабылдайды.
Қоғамда заң мен сотқа құрметті қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар қабылдау қажет. Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сот ісін жүргізудің табиғаты мен мәнін ашып көрсетуге, тұрғындардың бойында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатысты төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған материалдарды әзірлеу мен тарату ісі тиісті сапалық деңгейде емес.
Соттар жұмысын ақпараттық жариялау бойынша журналистердің кәсіби дағдыларын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылған жоқ. Соттар жұмысын жариялау үшін құрылған журналистер пулының қызметі көп жағдайда формальды сипатқа ие.
Осы айтылғандарға байланысты БАҚ-пен өзара іс-қимылды жетілдіруге, осы мақсатта жүргізіліп жатқан жұмыстарды түзетуге бағытталған бірқатар қосымша шараларды қабылдаудың қажеттігі туындап отыр.
2. Тұжырымдаманың қағидаттары, мақсат-міндеттері
2.1. Тұжырымдаманың негізі қағидаттары:
- соттардың қызметі туралы ақпараттардың жариялылығы, ашықтығы мен қолжетімділігі;
- азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын сақтау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ іскерлік беделін қорғау;
- нақты сот ісі бойынша БАҚ-қа ақпаратты ұсыну барысында сот процесіне қатысушылардың құқытары мен заңды мүдделерін сақтау;
- соттардың қызметі туралы ақпаратты қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін тәсілдермен іздеу, алу, беру және тарату бостандығын қамтамасыз ету.
2.2. Осы Тұжырымдаманың мақсаттары:
- сот жүйесінің мәселелері бойынша қоғамның ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыру;
- сот билігіне деген сенімді арттыру;
- сот процестері мен сот органдарының қызметін объективті жариялауда БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу;
- азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сана-сезімінің деңгейін арттыру;
- соттарда БАҚ-пен өзара іс-қимыл жұмысына жауапты адамдардың қызметін бірыңғай үйлестіруді қамтамасыз ету.
2.3. Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:
- соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жүйесін жақсарту;
- БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау арқылы тұрғындардың соттарға деген сенім деңгейін арттыру, осы жұмысқа сот корпусы өкілдерін тарту;
- сот ісін жүргізудің ерекшеліктерін ашып көрсетуге мән бере отырып, сот жүйесінің қызметі туралы ақпараттық материалдарды әзірлеу сапасын арттыру;
- БАҚ өкілдерін сот ақпаратымен жұмыс істеудің ерекшеліктеріне оқыту;
- соттардың үйлестіруші-судьялары мен баспасөз қызметтері қызметкерлерін БАҚ-пен өзара іс-қимыл жұмысының дағдыларына оқытуды ұйымдастыру.
3. Тұжырымдаманы іске асырудың негізі бағыттары
БАҚ-пен өзара іс-қимылды дамыту қоғамға БАҚ арқылы сот органдарының қызметі, сот төрелігін жүзеге асыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты өз уақытында жеткізу үшін қажетті жағдайлар туғызуды көздейді. Аталған міндетті орындау ұйымдастыру, оқыту және БАҚ-пен жұмыс бағыттары бойынша іске асырылады.
3.1. Ұйымдастыру жұмысының тиімділігін арттыру.
1) Соттар жұмысын жедел әрі сапалы жариялауды бірыңғай тәсілмен қамтамасыз етуге бағытталған белгілі бір өңірдегі соттар қызметін ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру бойынша жауапкершілік облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасына дербес жүктеледі. Осы жұмысты функционалдық тұрғыда орындау БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьяларға, Соттар әкімшілерінің басшыларына және Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімдерінің қызметкерлеріне жүктеледі. Осы мақсатта:
- шығарылатын белгілі бір сот актісінің уәждемесіне басымдық бере отырып, судьялар жұмысының ерекшеліктерін түсіндіру үшін БАҚ басшылығымен және тікелей журналистермен сындарлы байланыс орнату үшін БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьялар қызметін жаңа деңгейге көтеру керек. БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судья өңірдегі сот корпусының басты спикері ретінде барлық өңірлік және республикалық БАҚ үшін барынша ашық, қолжетімді және танымал болуы тиіс. Ол мониторинг нәтижесінде анықталған БАҚ-тағы сыни материалдар, түйткілді мәселелер туралы хабардар болуы және оларға ден қою шараларын әзірлеуді қамтамасыз етуі тиіс;
- үйлестіруші-судьяға немесе баспасөз хатшысына (сот төрағасының шешімі бойынша) қажеттілігіне қарай соттың ресми ақпараты мен неғұрлым резонансты істер бойынша түсініктемелер айту жөніндегі ресми өкіл функцияларын орындау міндетін жүктеу қажет;
- Жоғарғы Сот аппаратының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімімен жедел өзара іс-қимыл орната отырып, Жоғарғы Сот басшылығының міндеттері мен тапсырмаларын бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету қажет;
- соттардың интернет-ресурстарына судьялық лауазымдарға кандидаттардың өмірбаяндық деректері мен жұмыс істеп жүрген судьялардың табысы туралы декларацияларды орналастыра отырып, судьялыққа кандидаттарды іріктеу процесіне жұртшылықтың қатысуын кеңейту керек, сондай-ақ облыстық және оған теңестірілген соттар жанындағы Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің құрамына БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың неғұрлым беделді өкілдерін енгізуді қарастыру қажет. Кеңестер отырыстарының қорытындысы бойынша БАҚ-та материалдар жариялауды тәжірибеге енгізген дұрыс.
2) Сот жүйесінің қызметі туралы ақпараттық материалдардың сапасын арттыру мынадай шараларды іске асыруды талап етеді:
- заң нормаларына сәйкес сот отырыстары залдарына БАҚ өкілдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, сот процестерін жариялау үшін оларға барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Осы мақсатта барлық облыстық және оған теңестірілген соттарда сот отырысы залдарынан бейне- және аудиожазбамен қамтамасыз етілген баспасөз орталықтарын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Мұндай шара БАҚ-тың қатысуымен болатын ұйымдастырушылық кедергілерді (қосымша шуыл, фотографтардың, операторлардың жұмысы және т.б.) азайтуға мүмкіндік береді;
- өз материалдарында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттардың қызметі туралы кәсіби және объективті хабарлаған БАҚ өкілдерін көтермелеуді ұйымдастыру, соның ішінде сот тақырыбын үздік жариялаған журналистер арасында шығармашылық конкурстар ұйымдастыру керек;
- журналистердің кәсіби бірлестіктерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен, соттар жұмысын ақпараттық жариялау мәселелерін талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру бойынша бірлескен іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ету қажет.
3.2. Судьялардың, соттардың баспасөз қызметінің қызметкерлерін, сондай-ақ журналистердің жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:
- үкіметтік емес, соның ішінде халықаралық ұйымдардың мамандарын тарта отырып, судьялар мен соттардың баспасөз қызметтерінің қызметкерлерін, соның ішінде БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьяларды журналистермен өзара іс-қимылдың тәжірибелік дағдыларына оқыту бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыру қажет. Осы ретте оқыту кезінде БАҚ-та жарияланымдарды әзірлеу сапасына, ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуге, журналистермен еркін байланыс орнату дағдысына басымдық беру қажет;
- Сот төрелігі академиясының дәрістік сабақтар курсының бағдарламасына судьялар мен соттардың баспасөз қызметтері қызметкерлері үшін БАҚ-тың қатысуымен сот процесін өткізу, БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас орнату, баспасөз хабарламаларын әзірлеу дағдыларын оқытуды енгізу қажет;
- журналистер үшін сот ақпаратымен жұмысқа оқыту бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ сот-құқық тақырыбына маманданған журналистерді даярлайтын жоғарғы оқу орындарына жәрдемдесу қажет;
- заманауи барлық гаджеттер мен технологияларды қолдануды ескере отырып, интернет пен әлеуметтік желілердегі жұмыстың сапасын арттыру қажет;
- соттардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шетелдік озық тәжірибені зерделеу мақсатында шетелдердің сот органдарына тағылымдамалар ұйымдастыру қажет.
3.3. Жоспарланған іс-шараларды тәжірибеде іске асыру мақсатында соттар тарапынан мынадай шаралар қабылдануы қажет:
1) сот органдарының қызметі туралы ақпараттарды, «Сот залынан» айдары бойынша берілетін материалдарды, «Судьяның бір күні» тақырыбындағы сұхбаттар мен очерктерді жедел әзірлеу, оларды БАҚ-та тарату және оларды интернет пен әлеуметтік желілерде ілгерілету;
2) ОКҚ-мен бірлесе отырып, соттар қызметі туралы ақпаратты ілгерілету бойынша іс-шаралар өткізуді қамтамасыз ету;
3) соттар жұмысы туралы өзекті ақпаратты уақтылы жаңартуды ескере отырып, сот органдарының интернет-ресурстарын одан әрі жетілдіру;
4) біркелкі сот практикасына қол жеткізу, сот төрелігін жүзеге асырудың ерекшеліктерін түсіндіру, судьялар корпусының халықаралық ынтымақтастық бойынша және т.б. бағыттағы қызметін жариялау бойынша бірлескен жобаларды іске асыру шеңберінде «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС-нің салалық басылымдарымен өзара іс-қимыл орнату;
5) «Заңгер» журналы мен «Жоғарғы Соттың бюллетені» материалдары заңгерлердің күнделікті тәжірибелік жұмысында қолданбалы сипатқа ие болуы тиістігін ескере отырып, ондағы жарияланымдардың әзірлену сапасын арттыру. Келешекте «Заңгер» журналының интернет нұсқасын құру туралы мәселені қарастыру қажет, бұл басылымның мультимедиялық БАҚ-қа айналуына мүмкіндік береді;
6) соттардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына танымал мемлекеттік емес басылымдар мен интернет-ресурстарды тарту бойынша жұмыс жүргізу;
7) БАҚ-та ұйымдастырылатын диалогтық алаңдарға (интерактивтік бағдарламалар, ток-шоу және т.б.) сот жүйесі өкілдерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
8) жалпы республикалық мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыру шеңберінде БАҚ редакцияларымен бірлесіп, («Час суда», неғұрлым резонансты сот істерін тергеу бюросы форматындағы) тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға, сотта азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша ұйымдастырушылық-заңгерлік қабілеттерге оқытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін пысықтау. Осы жұмысқа заңгерлер, адвокаттар, прокурорлар, құқық қорғау және әділет органдарының, әкімдіктер мен т.б. қызметкерлері тартылатын болады;
9) мынадай бағыттар бойынша сот тақырыбын БАҚ-та жариялауда өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту:
- сот жүйесінің негізгі бағыттары бойынша ақпарат таратудың тиімді жүйесін құру, тұрақты түрде брифингтер, баспасөз мәжілістерін, журналистермен кездесу өткізу тәжірибесін қалыптастыру;
- судьялардың, Департаменттің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің ақпараттық-түсіндіру жұмысына қатысуы;
- Жоғарғы Сот, облыстық және оған теңестірілген соттар деңгейінде неғұрлым маңызды іс-шараларды (кеңестер, конференциялар, халықаралық форумдар және т.б.) қамти отырып, әрбір жарты жыл сайын басты оқиғалық қатарды әзірлеу;
- жергілікті соттарда беделді қоғамдық қайраткерлер қатарынан сарапшылар тобын қалыптастыра отырып, соттардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сарапшылық сүйемелдеуді күшейту.
IV. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманы іске асыру соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға, қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға, азаматтардың құқықтық сана-сезімі мен құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал ететін болады.
Көрсетілген шараларды қабылдаған жағдайда:
- соттардың қызметі туралы тұрғындардың тиісінше ақпараттануына, азаматтардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот тәртібімен қорғау белсенділігін арттыруға;
- сот жүйесінің жұмысын БАҚ-та ақпараттық жариялаудың сапасын арттыруға;
- БАҚ-тың сұраныстарына тиісінше ден қоюды ескере отырып, сот жүйесі мен жұртшылықтың тиімді өзара байланысын жақсартуға;
- республикадағы соттар қызметі туралы объективті әрі сенімді ақпаратты кеңінен тарату үшін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
V. Тұжырымдаманы іске асырудың мерзімдері мен тетіктері
Іске асыру мерзімдері - 2016-2020 жылдар.
Тұжырымдама соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын регламенттейтін бірқатар нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлеуге негіз болып табылады.
Соттардың ақпараттық ашықтығын арттыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары жыл сайын әзірленетін болады.