Қазақ тілім. өркенде /көңілден шыққан көрікті ой - құттықтау

Қазақ тілім. өркенде /көңілден шыққан көрікті ой

КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН КӨРІКТІ ОЙ
 
Тектілік те тілден
Қазақ халқы  жаратылысынан текті, намысқой, жаны таза, тілге шебер ел болғаны ақиқат. Оған өткен тарихымыз, хандарымыз бен батырларымыздың, би-шешендеріміздің қалдырған істері мен әділ де тапқыр, жақсылық пен жамандықтың арасын ақ пен қарадай ашып айтқан асыл сөздері куә.
Осы сөздер арқылы қасиетті аталарымыз, ақ жаулықты аналарымыз көргенділіктің, мәрттіктің, тәлім –тәрбиенің небір жақсы жол-жобасын, жөн-жосығын айқындап кетті.
Мұны олар жазу-сызусыз-ақ ұтымды ой, өткір сөз, өтімді тіл арқылы құлаққа құйып, қанға сіңіріп, көңілге тоқытып жасай білуі де халқымыздың өзіндік бір ғажап болмысы әрі ерекшелігі екенін еріксіз мойындайсың. Қазіргілердің кейінгі ұрпаққа не жасап қалдырғанын тарих өзі таразылай жатар.
Бұрынғы аталарымыз ел мен жер, қазына, ұлағатты тәрбие, салт-дәстүр қалдырып кетті. Сондай ұлылықтардың бірі – адалдық пен адамдық және соған лайық сөздер.
Қазақ “текті”, “жақсы” деген бір ауыз сөз арқылы адамды өсіріп, “тексіз”, “жаман” деген бір ауыз сөз арқылы өшіріп отырған.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын,
Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!” деп ажар, беделіне қарамай, жер-жебіріне жеткізе, ақ алмастай кесіп айтқан ғой және айта алған ғой.
 
Өнер алды – қызыл тіл (шешендік өнердің 7 қағидасы).
1.      Дүниеде тыңдаушыларының өзі жақсы білетіндерін өздеріне тәптіштеп айтып жатудан жаман нәрсе жоқ. Сенің өзгеге айтқаның кісіге білім беретіндей, оның жүрегін қозғайтындай нәрлі болу керек. Нәрсіз, дәмсіз сөзді сөйлемеген жақсы.
 
2.      Өз сөзін қадірлейтін кісі тыңдаушысын да қадірлейді. Тыңдаушыларды қадір тұта сөйлеген адамның сөзі тартымды болады.
 
3.      Сөйлегенде әрбір сөзің анық, дәл, айқын естілетін болсын. Дауысың булығып шығып, бір сыдырғы әуенмен, жігерсіз, баяу сөйлейтін болсаң, айтқаның қанша қызықты болғанымен, тыңдаушыларды тез жалықтырады, олардың көңілі басқаға ауып кетеді. Сөйлеушінің дауысы құбылмалы әрі жайдары болуға тиіс. Құр айғайлап кетудің де керегі жоқ. Сенің дауысыңнан әрқашан байсалдылық, сенім, табандылық сезілетін болсын.
 
4.      Сөзің тартымды болсын десең, оған аздап болса да бет-әлпет, қолдың қимылын қатыстыр. Бірақ, жөн-жосықсыз қолыңды оңды-солды сермей беру жараспайды. Мұндай жеңілтектік тыңдаушыларды алаңдатып, көңілін басқа нәрсеге аударуға себепкер болады. Ең керегі – байсалдылық, тағы да байсалдылық.
 
5.      Тыңдаушыларға көз қырын салмай, екі көзін қағаздан алмай сөйлейтін кісіні жұрт онша ұнатпайды, біреу жазып берген сөзді оқып, өзгелерді алдап тұрғандай көрінеді.
 
6.      Айтайын деген ойыңды әбден ығыр болған, үйреншікті сөздерден бастама. Онда сөзің тартымды болмайды, өзгелер ықыласпен тыңдамайды. Ойыңды өз сөзіңмен, әдеби тілге тән сөздермен, әсерлі, қызықты етіп жеткізуге тырыс. Сөз арасында мақал-мәтелді, кейбір өлең жолдарын, нақыл сөздер  мен қанатты сөздерді келтіріп отырсаң, теріс болмайды.
 
7.      Айтқан сөзің қысқа, әрі тұжырымды болсын. Аз сөзбен көп нәрсе айтуға тырыс. “Көп сөз - көмір, аз сөз – алтын” екенін ешқашан есіңнен шығарма.
 

Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »