Артық болмас білгенің - құттықтау
Артық болмас білгенің
АРТЫҚ БОЛМАС БІЛГЕНІҢ...ТІЛ СЫРЫНА САЯХАТ
Дүние жүзінде халық та, соған орай тіл де көп. Ғалымдар соңғы кездерге дейін дүние жүзінде екі мыңнан астам немесе үш мыңға жуық тіл бар деп келген еді.
1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жарияланған мағлұматтарға қарағанда 5661 тіл бар екен.
Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.
Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % - француз тілінен, ал 1% неміс тілінен аударылады.
Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кіргеніне қуаныштымыз.
“Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам”. Полиглот деген кім?
/Балалардың жауабы/
Полиглоттар тарихынан қызықты деректер:
Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.
* * *
А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
* * *
Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
* * *
Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген.
* * *
А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: “Менің игерген білімім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым”, – дейді.
* * *
Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
* * *
И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлеген.
* * *
Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
* * *
Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.
* * *
Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен “Европа полиглоты” байқауында жеңімпаз болған.
* * *
Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
* * *
Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
* * *
Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды.
* * *
Г.Бельгер: “Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”.
Осы бөлімді қазақ халқының “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген мақалымен, А.П.Чеховтың “Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді” деген қанатты сөздерімен аяқтай отырып, көп тіл игергісі келетіндерге бірер кеңес береміз.
“Полиглот” деп ондаған тілдерді қатар үйренуге қабілетті адамдарды айтады.
Кеңестер:
- Үзбей жаттығу. Атақты неміс археологы Генрих Шлиман үнемі жаттығуының арқасында күніне прозалық текстің жиырма бетін жаттап алуға қолы жеткен. Ол орыс тілін 6 апта ішінде үйренген.
- Алдымен негізгі тілдерді, ал сонан кейін сол тілдерге жақын тілдерді үйрену қажет екен. Әрине, адам көбірек тіл білсе, жаңа тілді игеру де жеңіл болады.
- Ең бастысы – қорықпау керек. Тілді үйрене жүріп, өз ойыңызды сол тілде түсіндіруге тырысу керек. Үйреніп жүрген тілде сұрақ қоя отырып, тіл білетін және өзіңізге көмек көрсете алатын адаммен барынша көбірек сөйлесіңіз.
- Музыканы көбірек тыңдап, есту қабілетіңізді дамыта беріңіз. Жақсы естіп-білу, шетел тілін үйренуде жақсы көмекші.
Олай болса, достар, полиглот болғыларың келсе, тек алға ұмтылыңдар!
Антик философтары тілді бесіктегі деміңнен, соңғы деміңе дейін үйренсең де аз дегенін ұмытпайық!
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САҢЛАҚТАРЫ
Қазақстан Республикасында Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тәуелсіз еліміздің тарихы негізінде ең таңдаулы адамдарға “Мыңжылдық саңлағы” және “Ғасыр саңлағы” деген атақтар берілді.
“МЫҢЖЫЛДЫҚ САҢЛАҒЫ”
1. Қожа Ахмет Яссауи /1093-1166/ - исламдық діни әдебиеттің негізін салған ақын, кемеңгер ойшыл. Кейінгі ұрпаққа “Диуани хикмет” /“Даналық кітап”/ атты өшпес мұра қалдырған, аты аңызға айналған қасиетті әулие.
2. Әз-Жәнібек хан Барақұлы /ХҮғ.басы – 1480/ - Қазақ хандығының негізін салушы хандардың бірі. Ол қазақтың тұңғыш ханы Кереймен бірге ұлттық мемлекетіміздің шаңырағын көтерген.
3. Мұхаммет Хайдар Дулати /1499-1551/ - қазақ халқының тұңғыш тарихшысы, әрі жазушысы. “Тарихи Рашиди” атты тамаша тарихи еңбек жазған.
4. Үйсін Төле би Әлібекұлы /1663-1756/ - ұлы жүздің төбе биі, атағы жер жарған шешен. Әз-Тәуке, Абылай хан тұсында қазақ хандығын нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері.
5. Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы /1665-1763/ - орта жүздің қара қылды қақ жарған әділетті ұлы биі, жезтаңдай шешен. Қазақ мемлекетін нығайтуға, басқыншы жаудан елді қорғауда ерекше үлес қосқан қайраткер.
6. Алшын Әйтеке би Баубекұлы /1688-1748/ - кіші жүздің биі, белгілі шешен. Төле, Қазыбек билермен бірге “Жеті жарғы” әдет заңын жасаған, әрі хан кеңесшісі болған мемлекет қайраткері.
7. Абылай хан /1711-1781/ - қазақ елін бір мемлекетке біріктіру жолындағы ұлы күрескер, елді ішкі-сыртқы жаулардан қорғаған қаһарман хан, саясаткер, қолбасшы, батыр.
8. Құрманғазы Сағырбайұлы /1823-1889/ - қазақ халқының ұлы композиторы, күйші. Ұлттық музыка мәдениетін жоғары сатыға көтерген мәдениет қайраткері.
9. Шоқан /Мұхаммедханапия/ Шыңғысұлы Уәлиханов /1835-1865/ - қазақ халқынан шықан тұңғыш ғалым. Тарихшы, этнограф, географ, саяхатшы, ағартушы-демократ.
10. Абай Құнанбаев /1845-1904/ - қазақ халқының данышпаны, ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, жазба әдебиетінің негізін салушы.
“ҒАСЫР САҢЛАҒЫ”
1. Әлихан Бокейханов /1866-1937/ - Алашорда өкіметі мен “Алаш” партиясының негізін салушы әрі көсемі. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ұлы күрескер, мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым.
2. Ахмет Байтұрсынұлы /1873-1937/ - ұлы ағартушы, аса көрнекті ғұлама ғалым, ақын, публицист, түркітанушы. Қазақ алфавиті мен баспасөзінің негізін салушы. Азаттық жолындағы айтулы күрескер. Алашорда өкіметі мен “Алаш” партиясының негізін салушы әрі көсемі, мемлекет, қоғам қайраткері.
3. Дина Нұрпейісова /1861-1955/ - қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, домбырашы, күйші, композитор.
4. Мұхтар Омарханұлы Әуезов /1897-1961/ - аса көрнекті қазақ жазушысы, академик. Данышпан ақын Абай өмірінен тұңғыш энциклопедиялық эпопея жазған ұлы суреткер. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты.
5. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев /1899-1964/ - аса көрнекті ғалым, біртуар академик. Қазақстан ғылымының негізін салған. Қазақ ССР Ғылым Академиясының шаңырағын көтерген және оның тұңғыш президенті. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты.
6. Бауыржан Момышұлы /1910-1982/ - Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери қайраткер, ұлт мақтанышы.
7. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев /1912-1993/ - КСРО және КОКП Орталық Комитетінің, Кеңестік Қазақстанның аса көрнекті басшысы, академик. Қазақстанның мәдениеті мен экономикасын дамытуға ерекше үлес қосқан ұлы тұлға.
8. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - /1940 жылы туған/ - тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшілік пен татулық және ел бірлігі жолындағы жалынды күрескер.
9. Олжас Омарұлы Сүлейменов / 1936 жылы туған/ - қазақ халқының аса көрнекті ақыны. Қарусыздану мен бейбітшілік жолындағы табанды күрескер, дипломат, қоғам қайраткері.
10. Тоқтар Әубәкіров /1946 жылы туған/ - қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңестер Одағының батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, қоғам қайраткері.
Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »