Ана тіл туралы өлеңдер - құттықтау

Ана тіл туралы өлеңдер

Ана сүт пен ана тіл
Қасиетті ана сүт пен ана тіл,
Қанатсыз құс ана тілсіз оратор.
Тумай жатып өнбойыңа тараған,
Ана сүт пен ана тілде бар асыл.
 
Ана тілің ең соңғы ұлттық қорығың,
Бақытты емес білмесе егер оны кім.
Өзге ілемнің барлық тілін білсең де
Ана тіллдің толтыра алмас орынын!
 
Ана тілсіз ажарланбас тірүің де,
Ана тілсіз кемелденбес білім де.
«Сүйем» деген сөзіңе ару сенер ме,
Айта алмасаң оны ана тіліңде?!
 
Адал перзент ана сүтін ақтаған,
Ана ртілін, ана отанын сақтаған.
Өзге тілден оңдырады не тауып,
Өз тілінен інжу-маржан таппаған?!
Оразақын Асқар
 


Қуатым – ана тілім
Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,
Айтады ана тілсіз кім түбіңді?
Қайсыбір қандастарым шүлдірлесе,
Жүрегім біз сұққандай мың тілінді.
 
Қуатым – ана тілім ақ сүт берген,
Жан емен, сен бар кезде қаңсып көрген.
Өлеңде топқа түссем, өзіңсің ғой,
Әперген маған орын ашып төрден.
 
Қалса егер, жалғыз сәтке қалғып тілім,
Дей бергін ауа жетпей, қарлықты үнім.
Сен барда терезем тең, еңсем биік,
Қасында тұрсам-дағы қай мықтының!
 
Ардағым, ана тілім -  жан мерейім,
(Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін).
Сен болсаң, көш бастаушым келешекке,
Соңыңнан көзім жазбай, мәңгі ерейін.
 
Төбемде тұса сенің жанып нұрың,
Демеймін сөз сөйлеуден жалықты ұлың!
Түсінгін ардақ тұтқан ана тілім,
Екенін жан сырымның анық мұның!
Мінуар Әкімханов


Жоғалту
Біреулер китін жоғалтып,
Біреулер итін жоғалтып,
Біреулер күшігін жоғалтып,
Біреулер мысығын жоғалтып,
Біреулер шақшасын жоғалтып,
Біреулер ақшасын жоғалтып,
Біреулер көне тонын жоғалтып,
Біреулер телефонын жоғалтып,
Біреулер он саулығын жоғалтып,
Біреулер денсаулығын жоғалтып,
Біреулер үйін жоғалтып,
Біреулер күйін жоғалтып,
Біреулер ауылын жоғалтып,
Біреулер бауырын жоғалтып,
Біреулер анасын жоғалтып,
Біреулер баласын жоғалтып,
Біреулер шалын жоғалтып,
Біреулер малын жоғалтып,
Біреулер ғашығын жоғалтып,
Біреулер мәшінін жоғалтып...
Қайғы –налалы,
Іздеу салады!
Іздеу салады!
 
Ал тілін жоғалтқандар,
Дінін жоғалтқандар,
Рухын – жанын жоғалтқандар,
Қазақтық қанын жоғалтқандар,
Ұятын, арын жоғалтқандар,
Намыс деген нарын жоғалтқандар
Құнсызданады –
Іздеу салмайды,
Үнсіз қалады.
 Есенбай Дүйсенбай

Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »