Тұманбай Молдағалиев Жарыма - құттықтау

Тұманбай Молдағалиев Жарыма

Бәбішем-ау, сұлу едің, ойлы едің,
Нәзік тәнге жарасатын көйлегің.
Керіс шығып кетпесін деп кездейсоқ,
Күйеуіңе байқап-байқап сөйледің.
 
Өтті жылдар, өткендері білінбей,
Өлген арман қала берді тірілмей.
Тілің шықты ақырындап сенің де,
Сегіз айлық жас баланың тіліндей.
 
Көнеміз ғой дегеніне тағдырдың,
Бақытыңды қызғанатын бар құрбың.
Тұманбайды жақсы көрген жүректі,
Қай көшенің бұрышында қалдырдың?!
 
Мүмкін гүлдер еге алмадым жолыңа,
Бақ жұлдызын бере алмадым қолыңа.
Айың туса алғаныңның арқасы,
Күнің шықса көпсінбеймін оны да.
 
Қатар тұрып кеуде тостық тасқынға,
Керек етсем, тілін таптың тастың да.
Елу жылдай бірге келе жатырмыз,
Сенің биік ақылыңның астында.

Жарыма » Соңғы қосылған дүниелер »