Ағайындық, туған-туыс туралы мақал-мәтелдер - құттықтау

Ағайындық, туған-туыс туралы мақал-мәтелдер

Ағайындық, туған-туыс туралы
Ұрпақ рулы елге айналады.

Ағаның үйі – ақ жайлау.
 
 Аға өлсе – іні бар.
 
Алты аға бірігіп әке болмас,
Алты жеңге бірігіп ана болмас.
 
Аға – бордан, іні – зордан.
 
Ағайын ала болса
Ауыздағысынан айырылады.
 
Ағасы ақылдының ауылы азбайды,
Жеңгесі шебердің тоны тозбайды.
 
Ағайын - туыс
Ағайын бір өліде,
Бір тіріде керек.
 
Жауда да бір үйің болсын.
 
Жаман болса ағамыз,
Жақсыны қайдан табамыз.
 
Мал қонысын іздейді,
Ер туысын іздейді.
 
Жақыныңды жат етсең,
Жатқа күлкі боларсың.
 
Әпкенің үйі -кең жайлау.
 
Әулие де қасындағысын қолдайды.
 
Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың.
 
Рулы елдің уысы бір.
 
Руыңмен у іш.
 
Туысы бірдің - уысы бір.
 
Бөлінгенді бөрі жейді.
 
Төртеу түгел болса төбедегі келеді,
Алтау ала болса ауыздағы кетеді.
 
Жақын таласса жатқа жем.
 
Байлық, байлық емес, бірлік байлық.
 
Бірлік болмай, тірлік болмас.
 
Ағайынның аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
 
Жігіттің үш жұрты бар - өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты.
Өз-жұртың күншіл, қайын жұртың-міншіл, нағашы жұртың-сыншыл.
 
Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болса бере алмайды.
Жоқ болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді.
 
Қайын жұртың қолыңның ұзындығына қарайды,
Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың.
 
Нағашы жұртың жақсылығыңа сүйсінеді,
Жамандығыңа күйінеді.
 
Ырылдайсың, қаппайсың, менен жақсы таппайсың.
 
Табалдырықтан биік тау болмас,
Жақыннан асқан жау болмас.
 
Тозған қазды топтанған қарға жем қылар.
 
Екі қарға таласса, бір қарғаға жем түсер.
 
Бірін-бірі сыйласа жат жанынан түңілер.
 
Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табарсың.
 
Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар.
 
Ағайын ұрысы – Тоқаның жыртысы.

Ағайынның азары болса да, безері болмайды.
 
Ағасы бардың жағасы бар,
Інісі бардың тынысы бар.
 
Өзім жаман болсам да, ағам жақсы.
 
Туысы жаман туғанын жамандайды.
 
Жаман ағайыннан алаш жақсы.
 
Өзі өлтірмес, жат жарылқамас.
 
Ағайынға қарап мал өсер,
Ағашқа қарап тал өсер.
 
Ағайының бай болса -
Асағаның май болар.
 
Жалғыздың үні шықпас,
Жаяудың шаңы шықпас.
 
Ақылды адамға ағайын көп.
 
Төбелеске бергісіз араша бар,
Ағайынға бергісіз жанаса бар.
 
Ағайын жақсы болса - қанатың,
Ағайын жақсы болса - санатың.
 
Ағайын тату болса ат көп,
Абысын тату болса ас көп.
 
Туыс туыс болса туыс,
Туыс болмаса панасыз қуыс.
 
Жақсы ағаң - орман, жақсы інің - қорған.
 
Туғаны жоқ «тұл» тұлға.
 
Төсекте жаны қосылған,
Төскейде малы қосылған.
 
Алыстағы ағайыннан, ауылы бірге көрші артық.
 
Туыс туыс емес, қоныс туыс.
 
Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің,
Ағайынның алыс жақынын, іс түскенде білерсің.
 
Ағайын барыңда аузыңды жалайды,
Жоғыңда желкеңнен қарайды.
 
Жаман туыстан, жақсы таныс артық.
 
Ағайыныңды іске шақырма, асқы шақыр.
 
Үйден ұзап шықпасаң, қатынға қадірің болмайды,
Ауылдан ұзап шықпасаң, жақынға қадірің болмайды.
 
Бір ауылда мың туысың болғанша,
Әр ауылда бір туысың болсын.
               
Қырық атан ұстама, қырық тамыр ұста.

Сүйек тамыр сүйсініп күн көреді,
Ауыз тамыр айтып артығын алады.
 
Алтау ала болса,
Ауыздағы кетеді.
Төртеу түгел болса,
Төбедегі келеді.
 
Бауыр шырын, бас тәтті,
Ағайынмен ішкен ас тәтті.
 
Өле жегенше,
Ағайынмен бөле же.
 
Туа жаман жоқ,
Жүре жаман бар.
 
Жаман байыса,
Жақынын танымас.

Мақал-мәтелдер » Отбасы, туыс туралы »