Кәрілік,жастық туралы мақал-мәтелдер - құттықтау

Кәрілік,жастық туралы мақал-мәтелдер

Көпті көрген дана болар,
Қартайып кетсе бала болар.
 
Ақыл жас ұланнан,
Жүйрік тай құнаннан.
 
Жас кезімде бейнет бер,
Қартайғанда зейнет бер.
 
Адам қартайса да, көңіл қартаймайды.
 
Сексен – жермен-жексен.
Көп жасаған құрдасынан айрылар.
 
Жүре берсең, көре бересің,
Көре берсең, көне бересің.
 
Шөп те басынан қурайды.
 
Ат қартайса ұрыншақ болады,
Ер қартайса, жаңылшақ болады.
 
Ат тұяғын ат басар.
 
Ат қартайса, есекпенен достасады.
 
Жігітінде жігіт болмаған
Өмір есесінен құр қалған.
 
Жастық көкке, кәрілік жерге қаратады.
 
Жастық – жалын, кәрілік – күл.
 
Жаман жігіт жасында шал.
 
Кәрілік – дауасыз дерт.
 
Сақалға ақ түсті,
Көңілге дақ түсті.
 
Қарсы келсе кәрілік,
Қара нарды шөктірер.
 
Жаман киім жасты кәрідей етеді,
Кәріні перідей етеді.
 
Кейінгілерді көріп қартайғаныңды байқайсың.
 
Қатарынан қалған кәрі жетім.
 
Қара арғымақ арыса – қарға адым жер мұң болар.
 
Қасқырдан қайрат кетсе,
Ешкіні апа,
Текені жезде дейді.
 
Жас арқалағаннан тас арқалаған жеңіл.
 
Жас ағашқа сүйеніп, қу ағаш күн көрер.
 
Кәрі - кәрінің сөзі дәрі.
 
Жас келген сайын жан жақын келеді.
 
Бір аяғым жерде,
Бір аяғым көрде.
 
Табақ асымен жарасты,
Кәрі жасымен жарасты.
 
Дәм бар да, дәрмен жоқ.
 
Көп жастың ішінде бір қария болса даң болар,
Көп кәрінің ішінде бір жас болса дана болар.
 
Ауылыңда қария болса, жазып қойған хаттайын,
Алған жарың жақсы болса, ерттеп қойған ат дайын.
 
Екі баланың ортасындағы бір қарт  бала болады.
Екі қарттың ортасындағы бір бала дана болады.
 
Өнегелі қарт жоқ жерде,
Өнерлі бала да жоқ.
 
Қартайсаң да өлімді ойлама, өлеңді ойла.
 
Қарты бар үйдің қазынасы бар.
Өсер елдің қарты қазына  болар,
Өспейтін елдің  қарты қазымыр болар.
 
Адам қартайса да, өмір қартаймайды.
 
Кәрі білгенді пері білмейді.
 
Бұрынғының кісісі – қазіргінің кішісі.
 
Кәріге құрмет – балаға міндет.
 
Қартың болса, жазып қойған хатпен тең.
 
Ілгері басқан жасты кері қайтқан кәрі кейін тартады.
 
Алтыға дейін бала ерке,
Алпыстан кейін шал ерке.
 
Өмір қартайса да,
Көңіл қартаймайды.
 
Қатарынан қалған кәрі жетім.
 
Бейнет, бейнет түбі - зейнет.

Адам сәбиінде бір бала,
Қартайғанда тағы бала.
 
Ерге ердің сексенінде ісі түседі.
 
Су ағады, тас қалады,
Кәрі кетеді, жас қалады.
 
Тарыны берген кісіден көрейін бе,
Жей алмаған тісімнен көрейін бе.
 
Жарлылық, сені қайтейін,
Жандай досты жат еттің.
Кәрілік, сені қайтейін,
Сөйлер сөзге мат еттің.
 
Қызыл қария болмаса,
Топта береке болмайды.
 
Жасыңда жаңылшақ -
Қартайғанда ұмытшақ.
 
Қарт жақсы жас өнерін қолдаса, күндемесе,
Жас жақсы қарт ақылын тыңдаса, тілдемесе.
 
Жасында байқары жоқтың,
Қартайғанда айтары жоқ.
 
Атты жасқа сынат,
Жасты кәріге сынат.
 
Ақылды қарт айып іздемейді.
 
Қарттығыңа мақтанба,
Нарттығыңа мақтан.
 
Үлкен иіліп тұрса,
Кіші үйіріліп тұрады.
 
Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады.
 
Сары атанның қадірін
Ел қыдырған сарт білер.
Сеңсең тонның қадірін
Сексендегі қарт білер.
 
Жас әдемі болғанмен,
Қарт ақылды емес пе.
 
Өтпейтін өмір жоқ,
Сынбайтын темір жоқ.
 
Көп жасап, күміс болғанша,
Аз жасап, алтын бол.
 
Тыста ұзақ жүргенің,
Ұзақ өмір сүргенің.
 

Мақал-мәтелдер » Адам жасына байланысты »