Қазағым десем ойыма - құттықтау

Қазағым десем ойыма

Қазағымның күйлері-ай!
әні Кеңес Дүйсекеевтікі
сөзі Шөмішбай Сариевтікі
Сағынышты жүрегімнің назындай,
Қырдың әсем қалқып ұшқан қазындай,
Сырлы әсем Сырдария сазындай,
Аңыраған аққулардың мұңындай,
Анасынан айрылған құлындай,
Алатаудың аппақ ойлы шыңындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
 
Жеті өзенді Жетісудай салалы,
Сарыарқаның самалындай самалы,
Дүрілдетіп тебіренткен даланы,
Бабамыздың күңіренген зарындай,
Жайығымның жайлап аққан жанындай,
Даламыздың қайнап аққан қанындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
 
Сексеуілдей қатып-семген сенімдей,
Бедірейген Бетпақдала шөліндей,
Бала жанар Балқашымның көліндей,
Қонағымдай келіп тұрған күтінбей,
Жүректерден жаратылған бүтіндей,
Анамыздың уыз дәмді сүтіндей,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
 
Сай-сүйекті сырқыратқан төзімдей,
Қайта оралмас махаббаттың көзіндей,
Қайталанбас қимас асыл сезімдей,
Толқытады теңіз, мұхит тасқындай,
Алдымыздан арман - елік қашқандай,
Құпиясы шексіз-тылсым аспандай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
 
Қатты мұңы - көктен түскен жасындай,
Сырлы мұңы - таудың тілсіз тасындай,
Ащы мұңы - көздің кермек жасындай,
Қасіретті қос ішектің құйылған,
Күмбірлесе күллі дүние ұйыған,
Тәңіріме сыйынғандай сыйынам,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!


Патриоттық әндер » Қазақстан композиторларының әндері » Соңғы қосылған дүниелер »