күйеу бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау

күйеу бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан

Ернар Елбекті көрсе,үнемі кішілік қалып танытып,амандаса кетуші еді.Бүгін де сол әдетпен "Ассалаумағалейкум,Елбек аға!"-деп үйіріле қалды.Ернардың өзі кемпір-шалдың баласы еді,оқуын бітіріп,жақында әке-шешесіне келін түсіріп берген.Елбек Ернардың сәлемін "Уағалейкумассалам"-деп алып жатып,інішектің түрінде кірбің барын байқады да:"Ау,көңіл-күйің жоқ қой"-деді.Ернар тісі ауырған адамша кіржиіп:"Қайынжұртым"-дегені."Қайынжұртыңа не болды?" Ернар әңгімесін бастап кетті:"Өткенде қайынжұртыма барып едім,сол үйде бір қуаныш аталып өтілетін болып,әке-шешемізді үйде қалдырып,келіншегіміз екеуміз ғана барып қайтқанбыз.Есіктен ене бергенде-ақ әлгілер:"Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені.Сол-ақ екен,қаным басыма шапты:"Бұлар мені неге кемітеді,қыздарына күйеу екенім рас,бірақ бала деп қорлауына жол болсын?" Дастархан басында да қабағым кіржиіп отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болмай отырды.Үйге келгеннен кейін "Құдалардың үйі аман ба екен?"-деген әкемнің сұрағына дүңк ете қалдым.Сол-ақ екен әкем әңкілдеп қоя берсін:"Құдалардың о неғылғаны,менің дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі,құдалар жөн білетін адам сияқты еді ғой". Келіншегім сыңсып қоя берді,нәзік саусақтарымен жүзін көлегейлеп,орамалының ұшын тістелеп отырып жылағанының өзі сондай әдемі еді:"Олар сөйтеді,өткенде барғанда да сөйткен,әдейі істейді,Ернарды кеміткен түрлері."Ойбай,бәленшенің ұлына бар,ішкенің алдыңда,ішпегенің артыңда болады" деген тілдерін алмаған соң,ақыры амалсыздан баталарын беріп еді,сол айтқан жігіттерінің өзі нағыз бала,көлігін күнде әр жерге соғып жүргені,ал біздің Ернар машинаны қалай жүргізеді десеңші". Шешем тіпті дауыс салып қоя берді:"Жалғызыым,тар құрсағымды кеңіткен,тас емшегімді жібіткен,құдалардың ол не қылғаны,дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі?" Көңілсіздігімнің сыры осы еді,аға". Елбектің де әділет десе бір иығын беріп тұратын әдеті ғой,бұл жолы да талағы тарс кетті:"Не деген адамдар сенің қайынжұртың,ойпырм-ай,өмірде де неше түрлі адамдар бола береді екен-ау,сұмдық қой мыналары,қай жерің бала сенің?" "Соны айтам"-деді Ернар. Елбек осыдан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,Ернар сәбилі болды деп естіген,жақында Ернарды тағы да көрді,бірақ Ернардың өңі бір түрлі сынық еді. "Ау,сен өзің әке болған жігітке ұқсамайсың ғой,-деді Елбек күліп,-әке болған жігіттің қабағы былай ашық жүрмеуші ме еді,ал сенікі не көңілсіздік?" "Қайынжұртым"-деді Ернар тағы да кіржиіп."Қайынжұртыңа не болды,айтпақшы бардың ба одан кейін қайынжұртыңа?" "Өткенде сәбиімді көтеріп,келіншегімді ертіп барып қайтқанмын,-деді Ернар әңгімесін бастап,-ұлым нағашыларына сәлем беріп қайтсын дегеннен басқа ойымда түк жоқ еді,есіктен ене бергенде-ақ әлгілердің "Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені,сол сол-ақ екен қаным тағы да басыма шапты:"ойбай-ау,мыналар мені бала санауын әлi қоймаған ба?" Дастархан басында да көңіл-күйім болмай отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болған жоқ,әлгілердің ұлыма "кіди-кіди,біди-біди" дегені де шаншудай қадалып отырды,қай бір жақсы көргеннен айтып жатыр дейсің,әшейін әртістіктері де,болмаса әкесіне іштері жылымай отырып,одан туған ұлды жақсы көре қойсын ба? Әлгілер түк білмегендей:"Күйеудің қабағы осы үйге келсе,бір жазылмайды,әйтеуір"-деп тағы да сөзбен шымшылайтынын қайтерсің?" "Ойпырм-ай,солай дей ме,-деді Елбек,-өздері не деген мүттәйім адамдар десеңші,қой,қанша адамды көрсем де,дәл сенің қайынжұртыңдай адам көргенім жоқ,болмаса әке болып тұрған адамның қай жері бала?" "Соны айтам"-деді Ернар. "Білдей бір мекеменің бас күзетшісі болып жүргені болмаса,ағаң баяғыда қазақ тілі факультетін бітірген,шырақ,-деді Елбек әңгімесін жалғастырып.-Сол кезде бізге өңкей кәсіби тергеушілер мен криминалист-мамандар келіп дәріс оқып кетуші еді.Сонда солар айтатын:"Криминалистикада суық қару деп пышақ тағы басқа сияқты заттарды айтып жатады,ал нағыз суық қару адамның ауыз қуысында орналасқан,сол арқылы жүрекке әр түрлі дәрежеде дене жарақатын салуға болады.Пышақтан,тіпті мылтық оғынан болған дене жарақаты кейде сәтін салса жазылып та кетіп жатады,ал жүрекке түскен жараның жазыла қоюы екіталай,еске түссе соғыс ардагерінің ескі жарасы құсап сыздайды да тұрады,сондықтан да алдағы міндеттердің бірі-осы ауыз қуысындағы суық қарудың есебі алыну керек,одан атылатын әрбір оқтың есебі болу керек". Мына сенің қайынжұртың сені әрбір барған сайын жарақаттап жіберіп отыр және өздері түк білмегендей жазықсыз адамның кейпін танытып отыр". "Дұрыс айтасыз"-деді Ернар. Елбек содан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,өткенде автобуста өзіне қазақ тілінен дәріс оқыған қарт профессорды кездестіре кеткені. "Өй,бала,қалай?"-деді профессор мұны көргеніне қуанғандай түр танытып.Ұстазының мына сөзіне Елбек шырт ете қалды:"Осы сіздер әдейі істейсіздер ме?" "Ау,не боп қалды?" Профессордың әшкиінің аржағынан көздері бағжаң етті.Елбек ұстазының жанына отыра беріп,Ернардың оқиғасын айтып берді.Сол сол-ақ екен профессорды күлкі қыссын.Селкілдеп күліп отыр,күліп отыр.Елбектің жыны келді.Бұл баяғыда есімдік пен етістікті ажырата алмай отырғанда да осылай бір күлуші еді.Онда Елбек те қосыла күлетiн.Профессор бір төртін қойып бере ме деген дәмесі болатын,сөйткен ұстазы Елбекке ілмиген үшті әзер қойып шығарып салушы еді.Елбек күңкілдеп бара жатады:"Сонша күлген еңбегіме...Осы заманда өзіне өзі күлетін адам тауып ала қойсын". Енді Елбектің есегі судан өткен,сондықтан ұстазына даусын көтере сөйледі:"Ау,сонша күлгеніңізге жол болсын? Мен сізге күлетіндей бірдеңе айттым ба? Бұл дегеніңіз біле білсеңіз,жас жігіттің тағдыры емес пе,тіпті бір отбасының тағдыры"-деді профессорға жақтырмай қарап.Профессор беторамалын алып көзілдірігін сүрткіштеді,сонан-соң жасаураған жанарын сүртті,өзі әлі күліп отыр.Сөйтіп отырып Елбекке:"Ау,оның несі бар екен,-деді,-күйеубала деген сөздің несі жаман? Қайта біле білсең сен де бір баламызсың дегені емес пе,тойда осы үлкендер де айтып жатпаушы ма еді:"бір баламыз екеу болды"-деп. "Өзім де солай ойлағам".Елбек автобустан түсуге асықты.Сол бойда алып-ұшып Ернардың үйіне келді.Шал насыбай атып отыр екен. "Ақсақал,шақшаны бері тастаңыз".Елбек ерінге насыбайды тастап алып,күйеубала сөзінің мәнісін түсіндірді."Шолай ма екен?"-деді шал."Шолай екен"-деді Елбек. "А,солай ма екен,-деді кемпір,-жақсы көріп айтқандағысы ма екен". Ернар ұшып түрегелді:"Баланы киіндір,кеттік!" "Қайда?"-деген сұраққа:"Қайынжұртыма барып қайтам". Сыртқа шығып көлікты ыңғайластыра бастаған ұлы мен келінінің артынан шал қалбалақтап ере шықты:"Әй,ана құда-құдағиға деген сәлем-сауқатты ұмытып кетпеңдер,құда-құдағиға деген сәлемдемені ұмыт қалдырып жүрмеңдер".Сонан-соң келініне қарап:"Анада құдаша қалаға келіп тұрып соқпай кетіпті,о несi-ай,несіне ұялады,бұл да бір үйі емес пе,енді келсе,айт,соқпай кетіп жүрмесін,атам ренжиді де". "Я,я,айтам,айтам"-деп келін мәз. Елбек жүргелі тұрған Ернарға келіп:"Абайлап жүр"-деп өзінше ақыл айтты.Ернар көзін қысты:"Рульге бірінші рет отырып жатқам жоқ қой". "Күйеу-бала"-деді Елбек нықтап тұрып.Ернар басын изеді,жымиды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,

Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »