Ер бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау
Ер бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан
Ер бала (әзiл әңгiме) Ер балалар,әдетте,бастауыш сыныпта жақсы оқушы еді.Кекілдері жалбырап,сыныптас қыздарына да сүп-сүйкімді-ақ болатын.Олар да басы артық қаламсап немесе дәптерін беріп,көмектесуге әзір тұратын еді.Ал қалай бастауыш сыныпты бітірді-ер балалар енді "қыздар,сабақ өздеріңе аманат" дегендей,бір шетке ойнақтап шыға келеді және қыздарға да сүйкімсіз пенде ретінде көрініп,неше түрлі қылықтар шығарады.Қыздардың "өй,біздің сыныптың балдарын қоя салшы,оларға айтқанмен сөз өтпейді,бәрібір" дейтіні осы кез. -Туу,неге ғана осылармен бірге оқыдық екен,-дейді бір қыз. -Айтпа,-дейді екінші қыз,-бұлардан жоғары сыныптың балдары әлдеқайда жақсы. Қыздар баяғыда гүлін құшақтап,бірінші сыныпқа келгенде,кіммен оқығалы жатқандарын білмеген,білмей қалған.Сонда "мына баланың қасына отыра ғой" деген ұстазының сөзіне сеніп,отыра-отыра кетіпті.Білгенде гүлдерін құшақтаған күйі тұрып алып,"ер балалардың ауыстырылуын талап етеміз!" дер ме еді.Екіншіден,бұған ата-аналары да кінәлі- "сабаққа келер жылы барасың,одан арғы жылы барасың" деп алдаусыратып келген жоқ па? Соны білгенде,"жоқ,мектепке дәл осы жылы барам" деп тұрып алар ма еді,кім білсін? Балдар осылай болған сайын,оның есесіне,қыздардың белсенділігі арта түсуші еді. -Шықсаңдаршы сыныптан шаңдатпай,-дейді олар,-әшейінде қоңырау соғылғанда,далаға асығушы едіңдер ғой,бүгін неғып сыныптан шықпай қалдыңдар? -Шықпаймыз ал,-дейді ер балалар ышқырын бір-бір көтеріп қойып,-сынып жалғыз сендердікі ме еді,бізге бұйрық беретін сендер кімсіңдер,отырамыз осында. -Әне,бұлар осылай бізбен салғыласуды ғана біледі,қыздармен салғыласып тұруға ұялмайсыңдар ма? -Жүріңдерші қыздар,өзіміз кетейік,бұларға айттың не,айтпадың не,бәрібір,-дейді бір қыз. Қыздар сыныптан шыға бергенде,қарсы алдарынан ұшырасып қалған жоғары сыныптың балдарына "сәлем","сәлем" деп күлімсірей амандасады. Осы балалардың ішінде не бір өнерлі балалалар болушы еді,сондай бір баланың жанына сыныптың белсенді бір қызы жақындап келіп: -Пәленшеев,сен ертең жиында ән айтасың,апай солай ұйғарым жасады,-дейді тақ-тақ етіп. -Айтпаймын ал,-дейді әлгі бала,-менің сыртымнан ұйғарым жасай салады екенсіңдер сол. -Оныңды апайға айтарсың. -Бұлар өстеді,-дейді бір қыз,-сыныпты кері тартып жүреді,сыныптың намысы тек қыздарға ғана керек пе екен? Осы кезде әлгі баланың жанына,ол да осы сыныптың белсендісі,көзі мөлдіреген қараторы қыздың жақындап келіп: -Ән салшы,- дейтіні бар еді,-ән салшы.Осы бір екі ауыз сөзді әлгі қыздың қандай сиқырмен айтатынын кім білсін,әлгі бала даусы дірілдеп тұрып: -Салсам,салайыншы,-деп қалады,-айтсам,айта қояйын. -Қандай ән саласың?-дейді қыз. -Мына бiр әнді айтам,-дейді бала. -Жоқ,сен ол әнді айтпа,-дейді қыз,-мынадай әнді айт,осы ән жиынның тақырыбына сәйкес келеді. -Айтсам,айтайын,-дейді бала,-сол сен атаған әнді айта қояйын,сөзін білмесем,жаттап алайын,әуенін көкірегіме сіңірейін. -Жиынның бас жағында айтасың,-дейді қыз. -Бас жағында айт десең,бас жағында айтайын.Директор ағайдан да бұрын айтайын. -Жоқ,директор ағайдың сөзінен кейін айтасың,-дейді қыз күліп,-завучтан бұрын. -Мейлі,завучтан бұрын айт десең,завучтан бұрын айтайын,директор ағайдан кейін айт десең,директор ағайдан кейін айтайын.Біреуден кейін,біреуден ілгері деген. ...Саған қай соры қайнаған күні тұрмысқа шықтым екен десейші осы? -Өкінсең,әлі де кеш емес.-Мынау-баяғы ер бала ғой. -Оңбаған! Кеш емес деп кекетуін көрдің бе,менің дайын тағы біреуім тұрғандай. -Агентіңдегі сақалды еркекше?-Баяғы ер бала кекесінмен мырс етті. -Қандай сақалды еркек? Ол әшейін агенттегі досым емес пе? -Соған мен туралы не жазып қойғансың? -Не жазып қойыппын? -"Жолдасым жан-дүниемді түсінбейді,кейде өзімді аспан астында жалғыз қалғандай сезінем" деп жазыпсың ғой. Әйел қызарып кетті: -Қашан? Қой,айналайын,ойдан құрастырып соға берме. -Көрдік қой.Сақалды жан-дүниеңді түсініп қарық қылса. -Ол жай сақалды емес,үлкен кәсіпкер,мәдениетті адам. -Мәдениетті болса кездеспедің бе? -Кездессем,кездесем,-деді әйел. -Кездес,кездес.Жиырма төрт сағат неге қасында отырмайсың. -Оңбаған,-деді әйел жыламсырап,-менің сөйте алмайтынымды білесің,кездессем баяғыдан бері кездесер едім ғой,сол мінезімді біліп алғансың,басынасың мені. -Құлдық дәуірде құқығы тапталып жүрген жан құсап сөйлемеші осы,шайыңды әкелші,менің жұмыстарым бар,-деді баяғы ер бала. -Саған шай керек,саған тамақ керек. Баяғы ер бала диван үстінде қолын басына айқастырып жастанған күйі шалқасынан жатты: "жұмысқа барсаң да бастығың-әйел,соның бір күлгенін көрмей өтетін шығармыз,тым болмаса зейнет демалысына шығарып салып жатып,күлсе ғой,шіркін,сол көріністі өмір бойы көз алдымда сақтап жүрер едім". Есіне баяғы көзі мөлдіреген қараторы қыз түсті: "Ән салшы". -Салайын,-дейтін бұл даусы дірілдеп тұрып,-айта қояйын. "Сол қыздың фамилиясы кім еді осы? Тоқтарбекова,Тоқтарбекова екен ғой".Орнынан бірдеңеге бекінгендей ұшып тұрды: -Жәмила,ау,Жәмила! -Не?Не?Не қақылдап қалдың "Жәмилалап?" -Жәмила,осы агенттен поштаны қалай ашады? -Агенттен пошта ашып неғылайын деп едің? Әйелдермен сөйлесіп отырайын деп пе ең? -Жоқ,әй,әйелдерді қайтпекпін? Осы сенің ашулансаң,сұлулана түсетініңе таң қалам. -Көлгірсімешi,сиқырсына қалады екенсің. -Жоқ,шын айтам.Не ғой,мынаны айтшы,-баяғы ер бала саусағын шыртылдатты,-осы агент арқылы іздеген адамын тауып алуға болады деген не сөз? -Кімді тауып алайын деп едің? Кімің бар еді жоғалтып жүрген? -Кімді жоғалтайын? Туған-туысымның бәрі айналамда.Әшейін сұрағаным да. -Білмеймін,әй,білмеймін,басымды қатырмашы. "Қасарысып қал,-деді баяғы ер бала ішінен,-ертең жұмыстағы Сәлімнен неге сұрап алмаймын,Сәлім соның нағыз маманы еді ғой,қазақтың қыздары құрығандай Африкалық бойжеткендермен ыржақтасып отырушы еді". Сәлден кейін екеуі түк болмағандай,Тоқтарбекованы да,Тоқтарбековтерді де ұмытып,шай ішіп отырар еді. -Баяғыда мектепте... -Сендердің мектептеріңде де сондай болды ма? -Сендердің директорларың қандай болды осы? -Сен біздің директор туралы айтып отырған жоқсың ба?Директор директорға ұқсайды екен ғой өзi. -Сынып жетекшілерің қандай болды? -Құдая тоба,сен біздің сынып жетекші туралы айтып отырған сияқтысың.Сынып жетекші мен сынып жетекшінің айырмасы болмайды екен ғой. -Мектептерің қандай еді өзі? -Ұзындығы да,ені де тұп-тура біздің мектептей екен ғой.Сендерде,әйтеуір,шыға беріс есіктің алдындағы еденнің сықыр ете қалатыны болмаушы ма еді? -Сықыр ете қалатын еді дейсің бе,о,тоба,тұп-тура біздің мектепте оқыған сияқтысың.Мектептеріңде ер мұғалімдер көп пе еді? -Бірде бізге жас ағай келген.Қыздар болып әлгі ағайға күле беретінбіз. -Неменеге күле бересіңдер,жындымысыңдар? -Сабақ түсіндіріп тұрғанда,тұтығып қала беретін.Соған күлетінбіз. -Соған бола күлуге бола ма екен? Бізде бір жас апай болды,сыныптан жыламай шықпайтын. -Я,ер балдардың әдеті ғой,апай көрсе жылатып отыратын. -Соны біз жылатайын деп жылатады дейсің бе,өзі де жылайтын.Аяйсың тіпті.Келесі сабақта тып-тыныш қана отыра қояйыншы дейсің.Ішім басымнан асып бара жатса,аттың суретін салып отырайын.Келесі сабақта сол оймен алдыңа ақ парақты жайып қоясың.Тұяғынан бастап сала қояйын дейсің.Үлкендер,жарықтық,тұлпардың тұяғы деп жатушы еді.Тұяқтан бастайын әуелі.Сол оймен ақ парақ бетіне от орнындай дөңгеленген төрт тұяқты шашып тастарсың.Енді тұлпарды тізгінінен жетелеп келіп,тұяқтың үстіне шығару ғана қалады.Дәл сол уақытта бір бала бірдеңе бастайды өзі.Қалай қоштағаныңды білмей қаласың.Тұлпарың тұяқсыз қалады.Апайдың көзінде тағы да мөлт-мөлт еткен жас... -Қой мен қамыр илеп тастайын,-деді біраздан соң әйел,-нан пісіріп ала қояйын деп едім.Сен құйып іше бересің бе? -Жо-жоқ,мен де болдым,-деді баяғы ер бала.Бет сипап тұрғалы жатырмын. -Мен қамырымды илей берейін,сен ыдыстарды былай-былай қойып жібересің бе? -Мен темекі тартқалы жатырмын,-деді баяғы ер бала. -Соны қойып жібере салсаң болмайды ғой. -Мен темекі тартқалы жатырмын деймін. -Айналдырған екі кесені былай қоя салып,темекіңді сосын тартуға болмайды ғой. -Дәл қазір тартқым келіп тұр,түсіндің бе,дәл қазір.Қамырыңды илеп болып қоясың ғой. -Қамырымды илеп барып қоятын болсам,сенен сұрап қоятын ба едім.Қоям онсыз да.Бірнәрсе айтса,қасарысып қаласың ғой.Баяғыда біздің кластың балдары да сондай еді,бір нәрсе айтса қасарысып қалатын,өзіңмен салғыласып тұрып алушы едi. "Олар да біз сияқты болған екен ғой".Бұл-шылым тартып тұрған кешегі ер баланың ойы. -Сендерге айтқаннан гөрі аспандағы құстарға айтқан жақсы дейтін едік.Құстар түсінеді бізді қайта. -Құстарға айтпадыңдар ма енді?-Бұл-шылым шегіп тұрған кешегі ер баланың даусы. -Әне,әне! Олар да тап осылай дейтін.Ышқырларын бір көтеріп қойып,ыржалақтап "құстарға айтсаңдаршы енді,құстарға айтыңдар" деп тұратын.Ішінде бір өнерлі балалар болушы еді.Соған келіп: "Пәленшеев,ертең жиында ән айтасың,апай солай ұйғарым жасады" дейсің.Сөйтсең,әлгі бала: "Айтпаймын ал,айтпаймын,сыртымнан ұйғарым жасай салады екенсіңдер,я" деп шыға келетін. "Ойпырм-ай,олар да біз сияқты болған екен ғой".Бұл-шылым шегіп тұрған кешегі ер баланың ойы. Сол оймен тұрып: -Сыныптарыңда көзі мөлдіреген қара торы қыз болушы ма еді?-деп сұрай жаздағаны. "Пәлесінен аулақ,-деді сонан-соң,олай сұраса болды: "Әй,сен ол қызды қайдан танисың? Ойбай,сенің мен білмейтін сырларың көп екен ғой,өзі? Гүлім-ол қыздың аты ал,Гүлім деп саған несіне айтып тұрмын,онсыз да таниды екенсің ғой,бір күні жүрегім ауырып өлетін шығармын осы мен,өлтіріп тынасың мені,жұмыста бір апа айтушы еді "қыздар,еркектерге сенбей-ақ қойыңдар,олар жасаған жақсылығыңды білмейді" деп,рас екен ғой бірақ.Бір күні құлаймын осы давлением ұстап бар ғой,"Жедел жәрдемің" келіп үлгірмей қалады,айтпақшы,әлгі Гүлімің "скорыйда" врач қой,сен құлап жатқан маған емес,соған қарап отыратын шығарсың,ол да неге келгенін ұмытып,отырыңдар сол бір-бірлеріңе қарап,мен жатайын өлі мен тірінің арасында" деп басқа жаққа қарай шапқылап кетіп жүрер.Бұл-кешегі ер баланың ойы. Сәлден соң кешегі ер бала,бүгінгі отағасы,әлдебір нүктеге күлімсірей қарап,сол нүктеден балалық шағының сәулесін көргендей болып,шылымын сорғыштап тұрды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыӘзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »