Дос қыз /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау
Дос қыз /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан
Дос қыз (әзіл әңгіме) Экономика факультетінің үшінші курс студенті Дәурен Дәукенұлы өзін қыздардың досы әрі жанашыры ретінде санаушы еді. Бірде жас мырза Дәурен Дәукенұлына қасы-көзі қиылған бір бойжеткеннің "досым болшы" деп жабыса кеткені. -Достық-ұлы күш,-деді Дәурен Дәукенұлы,-достық-махаббаттан да киелі сезім,ол-адамдарды әрдайым да асқаралы биіктерге жетелей бермек. Мына сөздерден кейін,бойжеткеннің әдемі көздеріндегі шыпта кірпіктерінде мөлдіреген қос тамшы ілініп тұрды. -Қандай тамаша!-деді ол.-Ер балалардан досың болғаны сондай керемет қой! Сен бұған лайықсын! Дәурен Дәукенұлы осынау лайықты орынға сай өзін лайықты ұстамаққа тырысты. Уағдаласқан мезгілде екі дос бақ ішінде әңгіме-дүкен құрып отырған еді. Кенет қыз күтпеген жерден: -Менің жігітім қайтыс болды ғой,-деді. -Ол жас па еді?-деп сұрады Дәурен Дәукенұлы аузына басқа сөз түспей. -Жап-жас болатын,-деді қыз қамығып,-тіпті қыршын десе де болады,-біз үйленгелі жүрген ек. -Өзгенің қайғысын бөлісу-адамгершілік іс,-деді Дәурен Дәукенұлы,-сондықтан да мені бұл тұрғыдан алғанда сенімді серік деп біл. -Рахмет,-деді қыз,-сендей досымның болғанын мақтаныш етемін! Бұдан соң Дәурен Дәукенұлы қызға жүрек қайғысын жеңілдетерлік жылы-жылы сөздер айтты.Сөзінің аяғын "Өлгеннің артынан өлмек жоқ" деп бітірді,бұдан соң "Тірі адам тірлігін істейді" дегенді де қосып қойды. -Екеуміздің танысуымыздың өзі қызық болып еді,-деп бастады қыз әңгімесін,-мұндай таныстық бұған дейін болмаған,бұдан кейін де болмайтын шығар.Бірде телефоным қоңыраулатып қоя бергенде,мен тіпті де мән бермеген ем ғой... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үшті саусағымен нұсқап көрсетіп тұрды. Екінші күні де екеуі бақ арасында отырды. -Оның көздері сондай бір тұнжыраңқы әрі ерекше болатын... Дәурен Дәукенұлы әуелде "кімнің көздері?" деп сұрап қала жаздады,сосын барып кеше қыздың "жігітім қайтыс болды" деп айтқанын есіне алды да,әңгіме тағы да сол жігіт туралы екенін ұқты. -Ол кейде сол аялы жанарымен маған ұзақ-ұзақ қарап отырушы еді.Мүмкін оның жанарына менің сұлулығым сіңіп қалған болар,сен қалай ойлайсың? -Мүмкін,-деді жігіт. -Оның көздерінің ерекше әдемі болғандығы соншалық,кейде өлуіне көрініп тұрған шығар деп ойлаймын. -Олай емес шығар,-деді жігіт,-егер көздері әдемі жігіттердің бәрі өле берсе,мына дүниеде тек...иә,кімдер өмір сүрер еді? -Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-ол бірде маған солай ұзақ тесіліп қарап отырды да,кенеттен былай деген еді... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында секектеп жүр еді. Үшінші күні екеуі бақ арасында тағы да кездесті. -Сөздері сондай ерекше болатын... Дәурен Дәукенұлы әуелде қызға "кімді айтып отырсың?" дегендей аңырып қарап отырды да,әңгіменің қыздың қайтыс болған жігіті туралы екенін ұқты. -Оның әрбір сөзінен мейірім мен жылылық сезілетін,-деді қыз.-Бейне бір әдемі әлдиге бөленгендей күй кешетінмін.Бірде ол менің телефоныма қоңырау шалып тұрып не дегенін білесің бе?... Қыз әңгімесін аяқтағанда,Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің маңайында қалғып-мүлгіп отырған еді. Төртінші күні қыз бен жігіт бақ арасында тағы да кездескенде,жас мырза Дәурен Дәукенұлы әңгімені көтеріңкі дауыспен өзі бастап кетпек болды: -Бірде Қожанасыр әпендi... -Ол сондай ақылды еді,құдай-ау,жап-жас болып ақылды болатын,әлде өлуіне көрініп тұрды ма екен? Көңілді жігітіміздің Қожа Насреддин әпендi жайлы айтпақ әзілі жайына қалып,Қожекең есегіне мініп алып бақ ішінен тайып тұрды. -Олай емес шығар,-деді жігіт қыздың сөзіне,-егер ақылды жігіттердің бәрі өле берсе,жер бетінде...иә,иә,тек есалаңдар ғана өмір сүрмес пе еді? -Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-оның ақылдылығына талай мәрте таңданған сәттерім болып еді.Бірде екеуміз қатар отырғанда,ол маған мынадай бір әңгіме айтып берген болатын... Қыз әңгімесін аяқтағанда,құрметті мырзамыз Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің терезесін қағып тұр еді. Бесінші күні екеуі тағы да бақ арасында отырды. -Осы күн неге шығыстан шығып,батысқа барып батады екен,ал ай неге аспанда жалғыз болады да,жұлдыздар неге көп болады? "Құдайым-ай,сандырақтай бастаған шығармын,не айтып кеттім?"-деді жігіт. Бірақ қыз оның сөзіне мән де берген жоқ. -Адам жаны мәңгілік,өлмейді дейді ғой,сол рас па екен?-деп сұрады қыз. -Солай дейді,-деді жігіт. Қыз алдындағы ағаштың ұшар басына көз салды да: -Қалай ойлайсың,менің де жігітімнің мәңгілік рухы осы ағаш басынан бізге көз тастап тұрған болар?-деді. Жігіттің мына сөзден кейін,зәресі ұшып кетті.Ағаш басынан әлдебір жігіттің рухы бұған көз тастап: -Әй,жарбиып менің қызымның қасында неғып отырсың?-деп тұрғандай көрінді. -Ол бірде маған мәңгілік өмірдің ақиқат екендігі туралы айтып берген болатын... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында сұлап жатты. Алтыншы күні екеуі тағы да бақ арасында отырды. -Оның бірде маған не айтқанын білесің бе?... Осы жерде біздің жас мырзамыз Дәурен Дәукенұлының қылығы ұят болды.Ол орнынан атып тұрып,қызды тастап қаша жөнелді. -Дәурен,Дәурен,қайда барасың? Қайда кеттің? Бірақ екі құлағын тарс қылып бітеп алған жігіт бұл дауысты естіген де жоқ. Жетінші күні Дәурен Дәукенұлы өзінің дос жігітін көріп тұрып: -Ең дұрысы қыздармен достаспай-ақ қой,бауырым,-деді де өте берді. Ал дос жігіті оның не үшін бұлай дегеніне түсінбеген қалпы артынан аңырып қарап қалды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыӘзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »