Балаға қатысты салт-дәстүрлер - құттықтау

Балаға қатысты салт-дәстүрлер

Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.
         Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниетпен туындалған.
         Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады.
         Бала бөленген бесіктің үстінде жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді.
         Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл – ұл баланың қалыңдығына төлейтін мал аз болсын, ал қыздың қалың малы көп болсын деген ырым.
         Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр кемеңгер болады деп болжаған.
         Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
         Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.
         Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді, немесе екінші рет тұрмысқа шығады.
         Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
         Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.
         Батырдың, ақынның, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады.
         Балаға қарғыс өтпеу үшін үш кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алады.
         Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізген.
         Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит көйлегін ырым етіп қалап алған.
         Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.
         Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.
         Нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жалынбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындар іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда. Сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.
         Баланы асырап алғанда ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған күә етеді.
Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлай қалса, үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады.
         Бала тұрмай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
         Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
         Әйел, не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде,қолғабыс жасамаса, баланың белі бүкір болады.
         Бала алғаш жолға шыққанда тоқым-қағар жасап тойланады.
         Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң, еркін отырып емсе мырза, жомарт болады.
         Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.
         Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.
         Көз жара шыққан балаға сойған малдың немесе құстың көзінің суын жақса, жазылып кетеді.
         Бала тілін шығарса, тіл келеді, яғни хабар келеді деп жориды.
         Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
         Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
         Перзентсіз ерлі-зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып бала тілейді.
         Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.
         Баланың мойны тез және түзі беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың  мойын омыртқасын тұтасымен асып,тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
         Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн керегенің басына іліп қояды.
         Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп қалымен туған баланы, «Қалдыбай», «Қалдыгүл», «Меңдігүл», «Анарбай», «Анаргүл» деп ат қояды.
         Сәби өз үйіне «ассалаумағалейкүм»  деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.
         Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.


Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар
         Бос бесікті тербетуге болмайды. Бос бесікті тербеткен жаман ырым саналады.
         Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген.
         Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған.



Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер » тағы басқа »