Келін түсіргенде орындалатын салт-дәстүрлер - құттықтау
Келін түсіргенде орындалатын салт-дәстүрлер
Келін түсіруге байланысты орындалатын салт-дәстүр ежелден келе жатыр. Қазақ халқының салт-дәстүрінің бәрі мағыналы түрде орындалады. Ауылға келін кіре бере, жасаулы көштің алдынан әйелдер шығып, шашу шашқан. Көш бастап келген әйелді "Мұрындық ана" деп атап, оған арнайы сый берілген. Ауыл адамдары жүкті дереу түсіріп, отауды тігуге кіріскен. Шаңырақты көтеру балалы-шағалы, үрім бұтағы өскен, елге беделді, салиқалы адамға жүктелген. Бұл жерде жаңа түскен келінге "осы ананың жолын берсін" деген ырымды көздеген. Отау ішінің жиһаздары жиналған.Қалыңдықты ауыл келіншектері мен жастары күтіп алып, шашу шашып, құрылған шымылдықтың ішіне келген келінді кіргізеді. Шымылдықты құрған үшінсый алады. Абысындары басына орамал салып, тағы басқасы отқа май құйғызады. Сол қызметтері үшін енелері сыйлық сыйлайды. Орамал салғаны келін болды дегенді білдіреді. Жас келінді көргісі келгендер үлкен келіндеріне, немесе жеңгелері мен апаларының біріне көрімдіктерін береді. Келіннің бөлмесіне апарып, келінмен таныстырады. Танысқан адам келінге шашу шашып, "қадамың құтты болсын!" деп тілегін айтады.
Беташар болмайынша, келін шымылдықтан шықпай, іске араласпай отырады. Келінді көруге келгендерге ол ізеттілік білдіріп, орнынан түрегеледі.
Жаңа түскен келінді туыстарымен көпшіліктің алдында таныстыратын беташар болады. Келіннің бетін ашатын ақынды дайындап қояды. Келіннің бетін ашпас бұрын, асаба жиылған қонақтарды орналастырып, беташарға дайындайды.
Тойға алдын-ала дайындалу
Той өткізбес бұрын, туған туыстары жиналып, "қонақасы" жасайды. Мал сойылып, ет асылады. Содан соң кімнің қандай жұмыс атқаратыны белгіленеді. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" дегендей, дайындық, осылайша, өзінше қызық.
Той өткізетін орынды безендіріп, халқымыздың әр түрлі өсиет сөздері, орынды айтылатын мақал-мәтелдері жазылып ілінеді. Осы жазылып, ілінген сөздер жастарға тәлім тәрбиелігі мол сөздер. Үлкендерге де айтылатын өсиеттер кем болмайды. Мысалы: "Үйлену оңай - үй болу қиын", "Тапсырыс байлық - татулық", "Әке сөзі - парыз, ана сүті - қарыз", "Ананың алдында асқар тау да аласа", "Бала - бақшадағы гүлің, оны тәрбиелеу үлкен қылым", "Отбасы бірлігі - татулықта" т.б.
Ауыл келіншектері мен келіндерінің міндетінің бірі - дастарқан даярлау. Сойылған малды жіліктеп, қай бөлігі қай тағамға жіберетінін қасапшылығы бар ер кісіге жүктейді.
Қыз- келіншектер де түсетін келіннің керек-жарақтарын дайындап, отыратын бөлмесін жқндейді. Келін түсіретін үя келінге деп, бір сыпыра киім-кешек даярлайды. Болашақ келінге арнап енесі көрпе-төсегін, басына салатын орамалын, киімдерін арнап қояды. Тойға киетін той көйлегін мен фатасын, немесе, кейбіреулері ұлттық көйлек сәукелесімен әшекейлеп дайындайды. Күйеу жігіттің де киімін дайындайды.
Тойға келетін бас құда-құдағиларға ерекше көңіл бөліп, жақсылап күтіп жіберу үшін жағдай жасалады. Салт бойынша негізгі қонақтар - құда, құдағилар. Сондықтан құдаларды той дастарқанның оң жағына отырғызуға жағдай жасалады. Оң қанат қашан да төрден кейінгі сыйлы орын болып табылады.
Қазақ халқы бұрында ұлттық ойындарды осындай той-думандарда ойнаған. "Бәйге", "Қыз қуу", "Арқан тартыс", "Көкпар", "Жаяу тартыс", "Қазақша күрес" т.б.
Беташар
Жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру - халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі. Беташар әр жерде, әр түрлі айтылады. Басына, бетін көрсетпей, орамал жапқан келінді екі абысыны екі жағынан сүйеп, алдын ала дайындап қойған жерге алып келеді. Мұның өзі абысындарының өзінен кейінгі келінге көрсеткен өнегесі, әрң абысындар арасындағы сыйластықты бір-біріне білдіру жолы болып табылады. Өткені "келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" деген сөздер алғаш келген келін сәлем бергенде демеген абысындарға да қатысты. Ақын жігіт келіннің жанұядағы орнын айта келе, жаңа түскен жеріндегі жігіттің жақын туыстарымен таныстырып, сәлім бергізеді. "Беташардың" мағынасы - енді қыздың жаңа жанұяға келіп, қызметінің өзгергенін білдіреді. Әдепті келін болуы жайлы осы жерде айтылады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сыйын атайды да, сәлем салғызған ақынды құр алақан қалдырмайды.
Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігі
Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызындай, жақсы күйеу - ұлындай" деп қазақ даналары бекер айтпаған.
Келіннің келін болып түсе сала, өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалығы, ауылды жерде - ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңіне-ақ, таңертеңгісін, осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады. Сәлем салу дәстүрі - келіндердің ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі.
Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да ұлкендерге көрсеткен құрмет.
Есік ашар мен төркіндеу
Қыздың әке-шешесі қыз бен күйеу баланы үйлеріне қонаққа шақырады. Жақын жора-жолдастары, жас жеңгесі мен ағасы, іні-қарындастарын ертіп, күйеу жігіт қалыңдығымен, белгіленген уақытта, қыздың әке-шешесінің үйіне барады. Күйеу жігіт бірінші рет келіп отырғандықтан, мұны "есік ашар" дейді. Оны да келін күткендей, күтіп алады. Отқа май құйғызып, шашу шашады. Ол да құр алақан келмегені жөн. Қалтасына қыз-келіншектерге арналған бұйымдар сала келеді. Қазақ халқының қалта қарайтын тағы бір салты осы жерде орындалады. Күйеу жігіт келген соң, балдыздары мен қыз жеңгелері қалтасын қарап, тапқандарын алады. Қыз әке-шешесі кішігірім ой жасап, күтеді. Дастарқан басында күйеу жігіт қайын жұртымен танысады. Оған төс салынған табақ тартылады. Еріп келген күйеу жігіт пен туыстарына киіт кигізіледі. Осыдан кейін күйеу жігіт қайын жұртына қымсынбай, келе беретін болады.
Ертеректе ұзатылған қыз әке-шешесінің үйіне төркіндеп, бір жылдан соң келетін болған. Келген қызды жақын туыстары мен көпшілері қонаққа шақырады. Төркіндеп болған қызға, қайтарында, әке-шешесі сыйлық тартады. Бұрынғыда сауып ішетін малды сыйлаған. Бұл әке-шешенің қызына көрсеткен сый құрметтері мен көмегі.
Салт-дәстүрлер » Үйлену салт-дәстүрлері »