Алуан түрлі ырымдар - құттықтау
Алуан түрлі ырымдар
Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.Сейсенбіні «сәтсіз күн» деп жолға шықпайды, іс бастамайды.
Адам санамайды, басы кемиді.
Ұртын не тілін тістеп алған адамның үйіне ашыққан кісі келеді.
Біреудің кесесіне шамба түссе – оған қонақ келеді.
Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
Оң көзің тартса – қуанасың, сол көзің тартса – ренжисің.
Алақаның қышыса – ақша ұстайсың.
Табаның қышыса – жүгіресің немесе жүресің.
Қойға топалаң тисе, күйеуді төрге шығарып, бас ұстатып, бата бергізіп, қайын-жұртын боқтатады. Сонда індет тыйылады.
Жақын адамдарға үш, бес, жеті санымен бауырсақ, құрт, ежігей, нан, кәмпит т.б. тағамдар ұсынбайды.
Түнде үй сыпырмайды. Сыпыра қалған жағдайда «үйге бүйі кіріп кетті» деп сыпыру керек.
Адам құлағы шуылдаса «өлімнен хабарым бар» дейді, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады» деп сұрайды. Ол дәл тапса «мені біреу мақтап жатыр екен», ал таба алмаса «жамандап жатыр екен» дейді.
Тамақ үстінде келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза болып қалады. Дастарқан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.
Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақтан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады.
Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, ол үйге түскен келін өркөкірек болады.
Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.
Езуге ауыздық шықса жүгеннің ауыздығымен ашқарында бірнеше мәрте ауыздықтап емдейді.
Садақаға киім берсе – оның түймесін қиып алады.
Жиенді ұрса қолы қалтырайды.
Біреу қайтыс болды деп естіртіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.
Жастар қарт кісілердің көзі тірісінде киімін кисе, өмірі қысқарады.
Киімнің түймесін айқастырып салса, сүйінші (қуанышты хабар) келеді.
Ет тураған адам бір кесек етті (байқаусызда) турамай қалдырса өтірік айтатының бар екен деп ескерту жасайды.
Біреу өзі білетін адамды бір қарағанда танымай қалса, «көп жасайды екенсің» дейді.
Сұрағанда су бермеген өте жаман ырым.
Ыдыс түбіндегі тамақ біреудің кесе не аяғына құйылғанда тура толатын болса сол адамның жары сұлу болады.
Жол кескен жаман ырым.
Үйге кірген отынды далаға қайта шығармайды.
Отынды үйде ошақтың бұтынан асырып жинаса, ол әйелдің күйеуінің көңілі басқа әйелге ауады.
Самауырын шуылдаса – қонақ келеді.
Бейуақытта, кешке қарыз алуға немесе қарыз беруге болмайды.
Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса оны тек қана ұрлап алады.
Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың.
Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды.
Сапарға шыққан адам тұз алып шықса – жолы ауыр болады.
Иегің қышыса, бір жерден дәм татсың.
Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.
Бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі.
Сүйекті тазалап мүжіген жігіттің жары ажарлы болады.
Қонақ қонған түні мал төлдесе оны «құтты қонақ болдың» деп, сый-сияпат ұсынып шығарып салады.
Денсаулығы мықты және пәле-жаладан аулақ болсын деп жаңа үйленген жастардың төсегін арша түтінімен аластайды.
Сүйегі сынған адамға «қырық үйдің қылауынан» деп қырық үйден тамақ әкеліп жегізеді.
Жас адам ожаумен су ішсе жарының мұрны үлкен болады.
Түс ауа басталған іс кеш бітеді.
Көз тарта берсе, оған шөп қыстырып қояды.
Ұртын, ернін тістеп алса ашыққан қонақ келеді.
Қабырдан мәйіттің сүйегі шығып қалса, ол жерге жаңбыр жаумайды немесе сирек жауады.
Таң атып келе жатқанда, күн батып бара жатқанда, ай, күн тұтылып тұрғанда жақындасқан ерлі-зайыптылардан жарым бала туады.
Қыл арқанды ұрламайды.
Ауырып жатқан адамның тырнағын, шашын алмайды, толық жазылмай шомылдырмайды.
Тіліне теріскен шыққан адамға жан-жануардың к... яғни «иттің к...», «борсықтың к...», «тышқанның к...» деген секілді жеті адал, жеті арам атап шығып, «теріскенім қайтсе жазылады» деп жанындағы кісіден сұрайды. Ол «жан-жағыңа қарасаң, қарғаның боғын жаласаң жазылады» деп жауап қатысымен «қайран тілім боқ болды» деп теріскен иесі екі жаққа кезек-кезек «тіфә, тіфә» деп ишара жасайды. Сонда теріскені жазылып кетеді.
Аттан, көліктен, не жаяу келе жатқан адам жығылатын болса, оны тұрғаннан кейін сол жерде «ұшық-ұшық» деп ұшықтайды.
Шамды үрлеп сөндірген адам ұмытшақ болады.
Балта аттаған байымас, бақан аттаған жарымас.
Сейіт Кенжеахметұлы
Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »