Ат тергеу - құттықтау
Ат тергеу
Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайнысының, қайынсіңлісінің атын атамай, өзінше лайықты ат қойып «бай атам», «би атам», «мырза қайнаға», «төрежан», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөз» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғақтым», жайбасарды «жүйрік» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше бір белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әже», «шеше», «апа», «Ереке», «Аха», «Жәке», «Сәке» деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар. Бір келіншек «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер! – депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атамауға тапқан тұспалы екен.
Салт-дәстүрлер » Әдет-ғұрыптар »