Тобық жұту, тыйым, шөбере алақанынан су ішу - құттықтау

Тобық жұту, тыйым, шөбере алақанынан су ішу

Тобық жұту
         Халықта қоян тобығын жұту ырымы – ежелден бар дәстүр. Оның шарты – тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:
Батыр болсам – жүрегімнен шық,
Палуан болсам – білегімнен шық,
Шешен болсам – таңдайымнан шық,
Бақытты болсам – маңдайымнан шық, - деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.


Тыйым
Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым, яғни тыйым сөздер.  Бұл балалар мен жастарға «жирен жаман әдеттен» дегендей, жаман істерден сақтандырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан таза халықтық педагогикалық ұғым. Міне, осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған.


Шөбере алақанынан су ішу
Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөбере алақанынан су ішу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру - әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш . Соның ішінде  шөбере деп аталатын төртінші ұрпақ көру көп  нәрсені аңғартады. Бұл – кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы –ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы  - шөбере  қолынан су ішкен  адам  бұл дүниеде бақытты , о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады  дейді дін шариғатының білімпаздары. Қалай болған күнде де төртінші, бесінші ұрпақтың көру көп жасау белгісі ғана  емес, ұзақ ғұмыр кешудегі сапарының мазмұнды жолдары екені анық.

Салт-дәстүрлер » Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »