Ырымның естісі мен есері бар - құттықтау

Ырымның естісі мен есері бар

Жер бауырлап жатып жылау - жақсылыққа апармайды. «Күлді баспа», «өзенге түкірме», бұл - жас ұрпақты тазалыққа үйрету.  «Босағаны керме», бұл - қазақ ұғымында әйел мен ер адам үйдің қос босағасы секілді, оны керу - екеуінің арасын суыту, ажырату деп біл­ген.  Жолды бос шелек ұстаған әйел кесіп өтсе - жолың болмайды. Сондықтан ата-бабаларымыз қыз балаларына: «Ешқашан ер адамның жолын кесіп өтуші болмаңдар!» деп ақыл-кеңес беріп отырған. Есінегенде ауызды қолмен жабу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есінегенде, аузын оң қолының ішкі жағымен не сол қолының сырт жағымен жапқан екен. Өйткені адам есінегенде, шайтан оның аузына балаларын тастап жібереді екен. Міне, бұл да тыйымның бір түрі.  Ақ құйып шығару. Әсілінде, қазақ халқы ұрпағын ақты жерге төкпеуге, аяқпен баспауға үйретеді. Ал кейде ақты жерге төгетін ырым да кездеседі. Мысалы, кенеттен қалың өрт бола қалған жағдайда, өрт жылдам тоқтасын деген ниетпен оның алдына ақ шашады. Бұған қоса, кездейсоқ үйге жылан кіріп кеткенде де оның басына ақ сүт немесе айран құяды. Сөйтіп, жылан ешкімге тиіспей, келген ізімен үйден шығып, ізім-қайым жоғалады. Мұндай әдет халқымыздың адам түгіл, үйіне келген жан-жануарларға да қастандық жасамайтындығын білдірсе керек. Ақ жол - бұл қазақ халқы ырымының бір түрі. Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Қаһар» романында халқымыздың осындай ырымы туралы былай дейді. «Ақ жол» емі - жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Бұл ырым бойынша, егер күйеуінің «көзіне шөп салмаған әйел» жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауруы жазылады. Егер аттаған әйел күнәлі болса, ауру адам табан астында өледі» деп жазады Ілияс Есенберлин. Ал енді кейбір зерттеуші ғалымдар «Ақ жол» ырымы емнен гөрі әйелдің пәктігін сынауға арналған деген пікірлерді айтады. Өмірден көргені мен түйгені көп дана халқымыз ұрпақ жалғас­тығына, әсіресе белінен өрбіген ұл-қыздарының аман-сау азамат болып өсуіне айрықша назар ау­дарған. Атамыз қазақтың «балам­ның табанына кірген шөңге менің маң­дайыма қадалсын» деуі де, біз­дің осы пікірімізді айқындай тү­седі. Егер зерделеп қарасақ, бала, яғни ұрпақ тәрбиесінде қазақы ырым-тыйымдардың маңызы ерек­ше. Әдетте, ата-бабаларымыз өмір­дің өзінен алынған ырым-тый­ымдар арқылы бала-шағасын кез­дейсоқ қауіп-қатерден, айтпай ке­летін алуан түрлі бәле-жаладан қор­ғап отырған. Әлі есімде, бала­лық шақтың бал дәуренінде алыс­тан әлдеқандай қонақ үйге келе жатса, алдымен далада жүрген ойын баласы біздер қуанышымыз қойнымызға сыймай «әке, қонақ келе жатыр» деп үйге қарай тұра «шабатынбыз». Сонда, бұл қылы­ғымызды жақтырмаған әкем: «Тоқ­та, жаман ырым бастағаның не? Адам үйге қарай айғайлап жүгіруші ме еді? Доғарыңдар, жа­ман болады» деп бізге зекіп тастай­тын. Зекіп тастайтын да, әлден уа­қытта ашуы басылып, мұндай әре­кеттің жаман екенін, адам баласы тек қаралы хабарды естірт­кенде немесе мәйітті жерлеп қайт­қан кезде ғана үйге қарай жү­гіретінін айтып, бізді біраз «жүген­деп» алатын. Кейде ұзақ күн доп қуып келіп, бар шаруаны бітіргендей атамның жанына жақындай келе екі бүйірді таянып тұра қалсам: «Тәйт әрі, екі бүйі­ріңді таянып, не шақырып тұр­сың?» дейтіні есімде. Бала кезіміз­де бұл айтқандарға соншалықты мән бермесек те, есейе келе зерде­лесек, Құдай оның бетін ары қыл­сын, қазақтың салты бойынша жақынынан айырылған адам ғана қос қолын беліне таянып, өмірден озған туған-туысын жоқтайтын болған. Сонда, жарықтық үлкен адамдар бізге ұрысқанда «әулетке қандай да бір нәубет келмесін» деп ойлаған екен ғой.  Бір таңданарлығы, қазіргі күні қайсыбір қазақ кинорежиссерлері кезекті киноны толық түсіріп бол­ғанша сақал-мұртын алмайды. Бұл да, міне, ырым-тыйымның қан­ға сіңген түрі болса керек. Қан­ға сіңген демекші, талайларды та­ма­ша даусымен баурап алған талантты әнші Тамара Асар да ежел­гі ырым-тыйымдарды мо­йындап, кешеден бүгінге жеткен сол ырым-тыйымдардың қайсы­біріне күнделікті өмірде ден қоя­тын көрінеді.  - Мен таза қазақы ырым-тыйымдарды өмір сүру қауіпсіз­дігінің, бала тәрбиесінің шағын тұжырымдамасы деп түсінемін. Мысалы, мен «сол көзің тартса жабырқап, оң көзің тартса қуана­сың», «бүйіріңді таянба», «жағың­ды таянба», «көсіліп отырма» де­ген тәрізді ырым-тыйымдарды өзім­ше қабылдаймын. Мысалы, қыз баланың аяғын көсіліп отыр­ғанынан жаман нәрсе жоқ. Қыз баланың үнемі жинақы жүргені абзал. Өте ырымшылмын. Сон­дықтан балама «бәтеңкеңді оң аяқтан ки, оң жеңіңді бірінші ки, киімді теріс ілме» деп үнемі айтып оты­ра­мын. «Неге?» деп сұрай қалса, ерін­бей-жалықпай оның мәнісін тү­сіндіремін. Ал сахнаға шыққан­да, үнемі оң аяғыммен шығамын. Мұның бәрі маған ата-әжемнің тәрбиесінен сіңген қа­сиет, - деп әнші Тамара Асар ағы­нан жарыл­ды. Ал бұл жөнінде зиялы қауым өкілі мен этнограф-ғалымдар не дейді?  Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:  - Ата-анамыз бізге жас ке­зімізде, «аяқ киімді кигенде оң аяқ­тан бастап кию керек», «жатар­да жаман ойламау қажет», «ымырт­та, яғни бейуақта ұйықтама» деп үнемі айтатын. Мысалы, «ымырт­та ұйықтама» дейтіні мистика бойынша, «дәл сол уақытта жын қоныс аударады, көшіп жүреді екен. Жын ұйықтап жатқан адам­ның үстінен өтіп кетсе, ол есалаң болып қалады» дейді. Сондай-ақ «суға түкірме, түнде өзенге шо­мылма, түнде тырнақ алма» деген ырым-тыйымдарды да жиі ести­тінбіз. Қазақы ырым-тыйымның барлығы да кәдуілгі өмірдің өзі­нен, тұрмыста кездесетін алуан түрлі жағдайаттардан алынған. Мәселен, «түнде тырнақ алма» деген тыйымды алайық. Ештеңесі жоқ, қазіргі күні кейде тырнақты түнде алып жүрміз ғой. Меніңше, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ секілді. Бірақ ойлап отырсаңыз, ата-бабаларымыз өмір сүрген сол бір ғасырларда бүгінгідей жарқырап тұрған жарық шам болмаған, сон­дықтан бала-шағалары тырнақ аламын деп «саусақтарын кесіп ала ма?» деп қобалжудан осындай тыйым пайда болуы мүмкін. Жалпы, мен ырым-тыйымдардың барлығын бірдей қабылдай бер­мей­мін. Меніңше, оның қажетті­сін алу керек те, қажетсізін ысырып тастау қажет. Менің пікі­рім - осы!  Досымбек ҚАТРАН, тарих ғы­­­лым­дарының кандидаты, эт­­нограф:  - Ырым-тыйым көп жағдайда адамның наным-сеніміне тығыз байланысты. Ырым дегеннің өзі қандайда бір жағдайға байланысты әлдебір әрекеттерді атқармауға тыйым салады. Ырым-тыйым халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін шатастыр­мау үшін де қалыптасқан. Оның үстіне ақ пен қара, күн мен түн, жақ­сы­лық пен жамандық секілді дуалис­тік түсініктердің қолданыс­тағы мәні мен маңызын, парқын ажы­рату үшін, бұған қоса, осын­дай жағдайаттарды ырымдауға, олар­дың қайсыбіреулеріне тыйым салу мақсатында ырым-тыйым пайда болған. Ал тыйымның өзі ырымдауға байланысты болады. Мәселен, шәй немесе сусын құй­ғанда, үлкендер «қолдың сыртына қарай құйма» деп жатады. Ал мұ­ның мәнісі халқымызда мәйітті ару­лаған (жуындырған) кезде суды қолдың сыртына қарай құя­ды. Демек, сусынды ешқашан қол­дың сыртына қарай құюға болмай­ды. Сондай-ақ «ауылға қарай ат­пен шаппа немесе жүгірме» дей­ді. Мұның өзі қазақтың салтында үйге қарай шауып келетін жағдай бар екендігін білдіріп тұр. Анығын айтсам, қазақтың салтында суыт хабар айтуға келген адам ғана ауылға шауып келеді. Сонымен қатар «есікті керме» деген тыйым бар. Мұның мәнісі, бұрындары жаманат хабар алып келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін болған. Тағы бір ерекшелігі, мұндай хабар әкелген адам үйге кірмей, тізе бүкпей кетеді. Түйіндеп айтсақ, ата-баба­ла­рымыз қалыпты жағдай мен қа­лыптан тыс жағдайдың ара жігін ажы­рату үшін ырым-тыйымдарды пай­даланған. Демек, ырым-ты­йым күнделікті тұрмыста орын алып келген алуан түрлі жайттар­дың негізінде қолдану үрдісіне енген. Бұған қоса, ырым-тыйым адамның қауіпсіздігін сақтау мақсатында да қолданылғанын айтуға болады. Қалай десек те, қазақтың ырым-тыйымдарының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Жасыратын түгі жоқ, менің өзім де ретіне қарай қайсыбір ырым-тыйымдарды ұстанамын. Өйткені ырым-тыйым жақсылық­қа бейімдеп, жамандықтан сақтан­ды­рып отырады. Міне, бұл - ырым-ты­йымның басты қа­­­­ғи­­­­дасы! Қаперіңізде болсын!
1. Белді, жақты таянбайды. 2. Жер таянып отырмайды. 3. Тізені құшақтамайды. 4. Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді. 5. Саусақты адамға қаратып шошайту әдепсіздік болып саналады. 6. Саусақты, қолды орынсыз ауызға са­луға болмайды. Бұл да әдепсіздіктің бел­гісі. 7. Екі қолды төбеге қойып отырмайды. Қазақтың салтында басына қайғы түс­кен адам ғана қос қолын төбесіне қоя­ды. 8. Басты шайқауға, тісті қайрауға бол­майды. Себебі бұлай ету жүйке ауруы­на шалдыққан адамның белгісі. 9. Таңдайды қағуға болмайды. Үйдің ішін­де таңдай қағу - жаманшылық ша­қы­рудың белгісі. 10. Біреуге қарап ерін шығаруға, жасы үл­кен адам алдында аяқты созып оты­руға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісі­нің жолын кесуге болмайды. Қария­лар мұндай ерсі қылықтарды әдепсіз­дік­тің белгісі деп жас ұрпаққа үйретіп отыр­ған. 11. Құран оқығанда күлуге болмайды. Құ­ранды жерге тастауға, аяққа басуға бол­майды. Өйткені ол - киелі кітап. 12. Адамға қарап керілмейді, бұл - әдеп­сіздік. 13. Жатқан адамның үстінен атта­май­ды. Кемтар адамға күлме, күлсең ба­сыңа келеді. 14. Қазақ халқында «сәрсенбі - сәтті күн» дейтін ырым да бар. Осы ырымды берік ұстанған адамдар кез келген үлкен істі сәрсенбі күні бастағанды құп көреді.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »