Зейнеп АХМЕТОВА: Қайшымен тұсау кеспеген - құттықтау

Зейнеп АХМЕТОВА: Қайшымен тұсау кеспеген

ТҰСАУКЕСЕРДІҢ МӘНІ Енді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы... Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы... Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары... Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл - баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл - «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі:  Күрмеуіңді шешейік,  Тұсауыңды кесейік,  Қаз-қаз, балам, қаз, балам,  Қадам бассаң мәз болам,  Тағы-тағы баса ғой,  Тақымыңды жаз, балам,  Қаз баса ғой, қарағым,  құтты болсын қадамың! - деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді...  ЫРЫМ ЖАҚСЫ НИЕТТЕН ТУАДЫ  Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп алып жатады. Мен 90-жылдардың аяғында үш жылдай Алматы облыстық «Балбөбек» қорын басқарған болатынмын. Біздің қорымыз Жетім балалар үйімен көп байланыс жасады. Жұмыс бабымен Есік қаласындағы сәбилер үйінде болғаным бар. Сол кездегі сәбилердің 80 пайыздайы өзіміздің қазақтың балалары екен. Жаңадан тәй-тәйлап жүрген балалардың тұсауы кесілмегенін тәрбиешілерден білдім. Өйткені сәбилер үйінде ешқашан тұсау кесу, сүндетке отырғызу деген сияқты дәстүр-салттарымыз өткізілмейді екен. Осы жай мені қатты ойландырды. Бұл балалар онсыз да тағдырдың тәлкегіне түскен, тумай жатып ата-анадан ажырап, мейірімге зәру болғандар, ана сүтін татпағандар. Сонда ең болмаса тұсауы кесілмеген балалардың ендігі өмірлері қалай болады? Осындай ойлар маза бермеді. Өйткені өз басым өзгеде шаруам жоқ, қазақтың бүкіл салтына қатты сенетін адаммын. Ауданның басшысы Қайрат деген жігіт болатын. Бұл күнде марқұм болып кетті. Соған кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Бүкіл жөн-жоралғысымен аудандағы үлкен бір шара ретінде сәбилер үйінде тұсаукесер өткізсек деген ойды жеткіздім. Бұған қатты дайындалдық. Облыстық, аудандық басылымдарға хабарландырулар берілді. Бастамамыз облыстық әкімшіліктен қолдау тапты. Тұсауы кесілетін 17 сәбидің басына үкілеп тақия, үстеріне ұлттық киім тіккіздік. Алдын ала «тойға атсалысыңыздар, тойға шашу әкеліңіздер» деп хабарланғандықтан, ел құрқол келген жоқ. Кәсіпкерлер сәбилер үйіне қажетті тұрмыстық заттарын көтеріп, ауданның қарапайым жұрты кішігірім сый-сияпатымен келді. Ел ағалары, елдің ықыласына бөленген азаматшалар 17 баланың тұсауын кесті. Әр балаға кейін де қарайласып, көмек қолын созып тұратын өкіл әке, өкіл шеше дайындалды. Олар -аудан әкімдері, іс басында жүрген үлкен азаматтар болатын. Тағдырынан таршылық көрген сол балалардың бірінің өкіл әке-шешесі марқұм Заманбек пен Мақпал болып еді (сол кезде З.Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болған)... Заманбек сол кезде сәбилер үйіне шағын автобус сыйға тартты. Қаншама сыйлық, қаншама тілек айтылды. Ұлан-асыр той, әсем ән, төгілген күй, тек балалардың тұсауы кесіліп қоймай, сәбилер үйінің кем-кетігі толықты. Мен мұны мақтанып айтып отырғаным жоқ, бұл көпке үлгі болған игілікті шара еді. Құдайдың құдіреті, елдің тілегі, аталардың берген баталары қабыл болып, тұсауы кесілген сол 17 бала көп өтпей-ақ ата-аналы болды. Бір-бір қазақ отбасысы сол балаларды алып кетті. Міне, бата мен тілектің орындалатындығының, салтымыздың өзімізге ғана жұғысты болатынының бір дәлелі.  Тұңғыш баланы атасы мен әжесіне беріп, «атасының баласы» деп жатамыз. Бұл қазаққа ғана тән бе? Жалпы, тұңғыш бала кімдікі? Бауырына салу дегенді қалай түсінеміз? Бұл жайында алдағы нөмірлерімізден оқитын боласыздар.
Әңгімелескен  Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Балаға қатысты салт-дәстүрлер » Соңғы қосылған дүниелер »