Зейнеп Ахметова Әжелер - тәлім-тәрбиенің қайнар көзі - құттықтау
Зейнеп Ахметова Әжелер - тәлім-тәрбиенің қайнар көзі
Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы - жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды. Ал ол қасиетті кейінгі ұрпаққа жалғайтын - бүгінгі біз емес пе? Алайда біз не көріп жүрміз? Не білгеніміз бар? Білмегенімізді үйретер кім бар? Алдыңғы буын әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ұстана ма? Кейінгілерге қандай үлгі көрсетіп жүр? - Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын, - дейді бұл орайда Зейнеп апай. - Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз - өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер таңғалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін» деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Көп жағдайда енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамай, біздің келіндеріміз ұялады. Анарым да сөйтті алғашында. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет - менікі. Ол - менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», - дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасап тұрмын ғой. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол - осы әулеттің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені - «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес қой. Тіпті өзіме күнә санар едім... Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық, - дейді Зейнеп Ахметова.Уыз сүттің қасиеті Күнделікті өмірде «уызына жарымаған...» дегенді естіп жатамыз. Осы сөздің астарында не жатыр? Зейнеп апайдың айтуынша, бұрынғы әжелер өмір есігін жаңа ашқан жас нәрестені құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып, татқан дәмі май болғандықтан да, қазақ баласының асқазаны ауырмаған екен. Кейде ер балаларды «қасқырдай қайсар болсын» деген ниетпен қасқырдың қылымен ауыздандыратынын естігенде, таңғалдық... - «Қара суға қарап қалады» деген сеніммен еш уақытта сумен ауыздандырмаған. Қазір жас нәресте туыла салысымен анасының бауырына салғанды жұрт жаңалық көріп, «америкалық тәсіл» деп дабыралатып жүр. «Америкалық тәсіл» болмай-ақ, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен нәрестені анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып, омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Зейнеп апайдың айтуынша, нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай болғаны ғой... - Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз - ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі - осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес. Ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез ұрпақтың көбейіп бара жатқанына баласын мейірлене емізбейтін аналар себеп пе деп ойлаймын кейде. Олай дейтінім, бүгінде тоғыз ай көтерген баласын ойланбай-ақ сәбилер үйіне тастап кететін безбүйрек аналар көбейді... Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке ие Расында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін... Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар. Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл - баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Салт-дәстүрлер » Әдет-ғұрыптар » Соңғы қосылған дүниелер »