Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы-этнограф: Қазақтың ырымы энергетикалық күшке айналып кеткен... - құттықтау

Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы-этнограф: Қазақтың ырымы энергетикалық күшке айналып кеткен...

Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі, осының айғағы болса керек. 
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен, бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл - көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз. Зейнеп Ахметованың бүгінгі әңгімесі де осыны аңғартады...
Шілдехана тойының қандай маңызы бар?  Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді, балаға сұқ өтеді» деген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой. Сол сияқты біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біз, өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Сен балаға жамандық ойламаған күннің өзінде балаға бейсаналы түрде зиян тигізуің мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Себебі қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бұлай деуге не негіз болды екен деп көп ойландым. Себебін тапқан сияқтымын. Қырқынан шықпаған баланың білегін ұстап көріңізші, еті мен сүйегі бірікпегенін байқайсыз. Ал қалай қырық күн толады, сол күні ет пен сүйектің біріккенін сезесіз...  «Итжейде» қандай болуы керек?  Баланың ең алғашқы киімі - «итжейдені» кіндік шеше тіккен. Жұмсақ матадан, кейде тіпті жаңа матаның өзін жуып, жұмсартып барып кең, мол әрі ұзын ғып тіккен екен. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні бар. Тіршілік дегенің зырылдап өте шығатын тақтайдай жол емес. Бірде өрге өрлейсің, бірде төмен сырғисың дегендей, ойы-қыры көп. Өмірде барлығы қос-қостан жаралған. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық та, байлық пен жоқшылық та бірге жүреді. Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы. Баланың терісі өте нәзік болғандықтан денесіне батпасын деп «итжейденің» тігісі сыртына қаратылып тігілген. Қазіргі кіндік шешелер дүкеннен дайын киімді апарып жүр. Тіпті кіндігіне де жетпейді... Ата-бабаларымыздың айтқаны, ырымдағаны негізсіз емес деп ойлаймын. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерімізге иелік еткен ата-бабаларымыз сол кездің өзінде қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен даналығын өзгеге мойындата білген. Бүгінде... Қарап тұрсақ, өз жерінде жүріп, базарда ала қап арқалап, үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген де, тұрмыстың тауқыметін өзгелерден көп тартып жүрген де - өз ұлтымыз, қазақтың азаматтары, қазақтың әйелдері... Кім біледі...  «Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізген. Кейін қырқынан шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде» аталуы мүмкін. Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп есептеген. Өйткені ит - иесінің тілекшісі әрі ырыс пен берекенің күзетшісі саналған. Ит иесіне адал. Әрі ит көптеп күшіктейді емес пе?! «Баланың артынан көп бала ерсін, осы шаңырақта бала улап-шулап жатсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Содан кейін тілімізде «итжанды» деген сөз де жиі кездеседі. Иттің төзімділігіне, қайсарлығына, адалдығына байланысты айтылғандықтан да, баланың бойында адалдық пен қайсарлық қатар өрілсін, өмірдің қиындығына төзе білсін деген ырыммен «итжейде» итке байланған. Балалар тәттілерін таласып-тармасып, өзара бөлісіп алған соң, «итжейдені» бала көтермей жүрген әйелдер не жаңа түскен келіндердің бірі «тілеуімізге жетейік» деп ырымдап қалап алған екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіріп жүр, бірақ менің ұғымымша, «итжейденің» сыры осында болса керек...  «Қалжаның» сыры неде?  Қазақтың өте бір қасиетті ырымы - келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде, ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы - ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі...  Әңгімелескен  Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »