Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс... - құттықтау
Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс...
«Келінді күте алмаған күң етеді...» Келіннің мезгілімен тынығуына қамқорлық жасап, нәрлі тағамдарды, әсіресе ақ қосылған асты көбірек ішуін қадалаған. Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады. Қарағай сағыз, құм сағыз, жер сағыз секілді таза өсімдіктерден алынған ешбір қоспасыз, табиғи сағыздарды берген. Сонымен бірге баланың көру, есту қабілеті жақсы жетілсін әрі тамағы бойына сіңсін деп келінге рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан секілді өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, жидек секілді жемістерді жегізген. Келіннің өзін күтіп, таза жүруіне көп көңіл бөлген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптердің қоспасымен жуынуға үйреткен. Үйге арша, адыраспан секілді емдік қасиеті бар өсімдіктерді түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсері барын да білген. «Балаға жағымсыз, кесірі тиеді» деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыдағы аталған хош иісті өсімдіктердің қайнатпа тұнбасымен ауызды шайқатқан. Үлкен кісілер немерелі болуды аңсап күтумен бірге нәрестенің өмірге аман-сау келуін өздері де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр нәрсе көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқысы бар жұмысқа салмаған. «Әлденеден шошып қалмасын» деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, айғай-шу болып жатқан жерден келінді аулақ ұстаған. Оның көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлауға, мінез көрсетуге тыйым салған. Оның өзіне де: «Қарағым, дауысыңды көтеріп даурықпай, биязы, сыпайы сөйле! Әйтпесе бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, содыр болып қалады», - дейді екен. «Келген кісіні есіктен қайтарма, «қырықтың бірі - қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқыз, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, баланың мейірімі түссе бойың жеңілдейді. Итке «кет» деме, ол - жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық тілеп жүретін берекенің күзетшісі», - деген секілді қарапайым да астарлы кеңестерін беріп, келінді жағымсыз әдеттен сақтандырып, әдептілікке, кісілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға да тәрбие ұрығын сеуіпті. «Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғапты. Келіншектің күйеуіне «қосағыңның аяғы ауырлады, салмағын өзің көтеріс» деп, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген екен. Бала көтерген болашақ ананы боқтап, ауыр сөз айту немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә саналған. Ондай парықсыздыққа барғанда бүкіл ауыл болып айыптап, қатты сынға алған, жазалаған. Ертедегі ата-бабаларымыз жаратылысқа табына отырып, оны аялаған, табиғатпен үйлесімділікті сақтай отырып, сол табиғаттан көп нәрсе үйренген, жаратылыстың тылсым сырларын түсініп, танып-білуге құлшынған. Сол түсініп-түйсінгенін күнделікті тыныс тіршілігіне пайдаланған. Бүгінде ғылыммен қаруланған біздің үлкен сорымыз - табиғат-анадан бөлініп, ешбір құдіретке, тылсымға иланбай, «сенім» дейтін ұлы күшті тұншықтырып алғанымыз. Соның нәтижесінде ішкі жан-дүниеміз, ұлттық дүниетанымымыз ылайланып, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілікке тәуба демейтін мәңгүрттік дертке шалдыққанымыз жасырын емес. Қаттырақ кетіп, ащылау айтып жатқан себебіміз - тәрбие талғамын табиғаттан ажыратып, оқшау қарамасақ деген ойдан. Адам қуатты табиғаттан алады Бұл біз үшін жаңалық емес, бұрынғы өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы ұрпағына қамқорлық жасаған. «Шырағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын! Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кең пейілді дарқан болсын! Жайнаған гүлге қара, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты қастерлей түсінуге, жақсы қасиеттерді жаратылыстың өзінен үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз, көңілі күпті аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз жіберіп қарағанда ойы биіктеп, көңілі өседі. Сол секілді жазық далаға, сағымданған көкжиекке көз салсаң, жан сарайың кеңігендей болады әрі адамның көру қабілеті артады. Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындағанда далаға алып шығып, аяғын жалаңаяқтап таза жермен жүргізеді. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере гөр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете гөр!» деп тілек тілейді екен. Мұны негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені адамның денесіндегі артық энергияны, сыртқы әсерден бойға сіңген былғаныш күштерді жер өзіне тартып алатыны дәлелденген. Найзағай түскен, электр тоғы соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табандағы нерв нүктелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер береді. Қазір емшілердің емдеу тәсілдерінде табиғаттың өзінен, яғни науқасты күннің нұрынан, айдың сәулесінен, оттан, судан, жерден күш алып емдейтіндер жайлы жарыса жазып, жар салып жатады. Бұл да қазаққа таңсық емес. Қолында аяғы ауыр келіні бар қамқор ене ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесінің астында серуендетіп, ғарыш күшінің әсерін дарытқан. «Бала айдай сәулелі, айдай көпке ортақ, білікті болсын» деп тілепті. Келінді ай жарығында суға түсіріп: «Бала судай таза, судай тұнық, судай қажетті болсын» деп тілеген. Іле-шала маздап жанып жатқан отқа жақындатып: «Бала айналасына оттай опалы болсын, оттай мейірімді, оттай күшті болсын!» деп жас келіннің көңілін жақсылыққа жетелеп, жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы денеге күш-қуат беруді ата-бабаларымыз бағзы заманнан білген... «Кіндік шеше» деп кімді айтамыз? «Ит жейде» қандай болады? Жас босанған келінді бұрынғылар қалай күткен? «Қалжа» дегеніміз не? Бұл жайлы алдағы нөмірлерден оқисыздар.Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Салт-дәстүрлер » тағы басқа »