Сүйемін Мағжан Жұмабаев - құттықтау
Сүйемін Мағжан Жұмабаев
СүйемінКүлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр.
Тасбиқ санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол анамды сүйемін.
Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмық жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы,
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай,
Білгені - қазан ошағы.
Жабайы ғана жарым бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол жарымды сүйемін!
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол елімді сүйемін!
Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс-ақ кебін, жаз – сыры.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахрасы.
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол арқамды сүйемін!
Өлең - сөздің патшасы »