Ақ бата кітабынан - құттықтау

Ақ бата кітабынан

Еліңнің қамын ойла деп,
Жеріңді жаудан қорға деп,
Ғұмырың ұзақ болсын деп,
Жуадай жауың солсын деп,
 
Әкең берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата.
 
Қызығың сенің алда деп,
Қатарыңнан қалма деп,
Бетінен жанның алма деп,
Жаныңа жара салма деп,
Анаң берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.
 
Құйрық бауыр жегізген,
Мың жылдық құда дегізген,
Астыңа жорға мінгізген,
Үстіңе шапан кигізген,
Құдаң берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.
 
Қонақсыз үйің құрысын,
Үйіңе өзің ұрысың,
Қырықтың бірі қыдырың,
Бақ дәулетің ырысың,
Қонақ берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.



Бата-тілектер » Балаларға баталар »