сапар бата - құттықтау

сапар бата

Я, Тәңірім жарылқа!
Жарылқағанның ішінде ет.
Түгел пәледен аман ет,
Сақтағайсың сәлемет!
Кешкі тілеуін кешіктірме,
Ертеңгі тілеуін зарықтырма!
Аузы қанды бөріден сақта,
Қолы қанды ұрыдан сақта!
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,
Біреудің хағын жеп, тыққаннан сақта!
Төрде отырып мекіренгеннен сақта,
Шәйкінің астынан шекірейгеннен сақта!
Басыңа бақыт беріп,
Бұл дүниеде жиғаның болсын,
Ол дүниеде иманың болсын!


Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ-дәулетін аумас қыл,
Жарылқағанмен жалғас қыл!
Алауызды алыс қыл,
Қорғанғаннан қалыс қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болсын!
Мұраттарын асыл қыл!
Қолқасын шаң қаппасын,
Жүрген жерін жасыл қыл!


Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің тар көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрдан сақта!
Жыланның зәрінен сақта!
Аяқ астынан кезігер
Бәле-жаланың бәрінен сақта!



Бата-тілектер » Сапар бата »